Абилов Бауыржан Үмбеталыұлын еске алуға арналған облыстық турнир өткізілді.
Мақтаарал аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен 13 мамыр күні Абылайхан атындағы №2 жалпы орта мектебі мен С.Рахымов атындағы №4 жалпы орта мектебінде Ұлағатты ұстаз, білікті басшы, Мақтаарал ауданының құрметті азаматы, аудандық мәслихаттың VI-VII шақырылымдарының депутаты, Мақтаарал аудандық кәсіподақ комитеті төрағасының қоғамдық негізде төрағасының орынбасары болған Абилов Бауыржан Үмбеталыұлын еске алуға арналған ерлер арасында спорттың «Волейбол» ойынынан Облыстық турнир өткізілді.
Облыс деңгейінде өткен турнирге Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандық кәсіподақ комитеттерінің кәсіподақ мүшелері қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Жарысқа қатысушыларға арнайы сәттілік пен толағай табыстар тілеген «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еркінбек Бахыт Сейтжаппарұлы мен Мақтаарал ауданының әкімі Асанов Бақыт Насырханұлы Облыстық турнирді құттықтау сөздерімен ашып, жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар Абилов Бауыржан Үмбеталыұлын еске алуға арналған турнирге Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай аудандық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасарлары Б.Төребеков пен Н.Саттаров, аудандық мәслихаттың төрағасы Қ.Сәрсекбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оңғаров, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы М.Серікбаев, аудандық мәслихаттың депутаттары, мектеп директорлары, БАҚ өкілдері мен Абилов Бауыржан Үмбеталыұлының туған-туыстары мен жора-жолдастары қатысты.
Тартысқа толы турнирде бабы мен бағы қатар шауып, жеңістің биік тұғырынан көрінген, үздік ойын көрсеткен кәсіподақ мүшелері ұйымдастырушылар тарапынан дайындаған қаржылай сый-ақы мен «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің дайындаған марапат қағаздары табысталды.
Облыс деңгейінде өткен турнирдің қорытындысына сәйкес жарыстың жеңімпазы атанып,
І орын мен 120 000 (бір жүз жиырма мың) теңгені – Жетісай аудандық кәсіподақ комитетінің командасы иеленді.
ІІ орын мен 80 000 (сексен мың) теңгені – Мақтаарал аудандық кәсіподақ комитетінің командасы.
ІІІ орын мен 60 000 (алпыс мың) теңгені – Сарыағаш аудандық кәсіподақ комитетінің командасы.
IV орын мен 40000 (қырық мың) теңгені – Мақтаарал аудандық кәсіподақ комитетінің екінші командасы.
V орын мен 20 000 (жиырма мың) теңгені – Шардара мен Келес аудандық кәсіподақ комитеттерінің командалары иеленді.
Облыстық турнирде әділ төрелік жасаған төрешілер мен жарыс барысында үздік ойын өрнегін көрсеткен кәсіподақ мүшелеріне арнайы номинациялар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Абилов Бауыржан Үмбеталыұлын еске алуға арналған Облыстық турнирге қатысқан барша кәсіподақ мүшелеріне Мақтаарал аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің атынан шынайы алғысымызды білдіреміз.
Кәсіподақтың күші бірлікте!
Мақтаарал аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.