Аудандық конференция болып өтті!
2024 жылғы 19 қаңтар күні Қазығұрт аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының есеп беру және қайта сайлау ХVІІІ конференциясы болып өтті. Конференцияға өкілеттік нормасына сәйкес сайланған 50 делегаттың 47-і қатысты. Іс шараға Түркістан облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары А.Абуов, аудандық білім бөлімі атынан аудандық білім бөлімі әдіскері М.Амирова, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Құрбанов және басқа да шақырылғандар қатысты.
Конференция жұмысын Қазығұрт аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы С.Мұсақұлов ашып, делегаттардың жалпы дауысымен күн тәртібі бекітілді.
Аудандық кәсіподақ комитетінің 2019-2023 жылдардағы атқарған жұмысы туралы есепті баяндамасы мен тексеру комиссиясының есебі тыңдалды.
Баяндамада С.Мұсақұлов есепті кезеңде аудандық кәсіподақ комитеті құрылымының нығаюы, әлеуметтік әріптестікті дамыту жөнінде атқарылған жұмыстар, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша атқарылған шаралар, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына қоғамдық бақылау жасау және оның нәтижелері, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, бұқаралық спорт және мәдени іс-шаралар жайлы ақпарат және мәліметтерді айтып, кемшіліктерді болдырмау, алда атқарылатын шаралар, кәсіподақ мүшелері тарапынан айтылған сын ескертпелерді орындау мәселелерін қозғады.
Баяндаманы талқылау бойынша жарыссөзде сөйлегендер: М.Амирова – аудандық білім бөлімінің әдіскері, БКҰ төрағасы, Ә.Найманбаев – «Қазығұрт» ЖББМ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, Ж.Құрбанов – ардагерлер кеңесінің төрағасы, А.Шүменбай – Абай (Шанақ) ЖББМ БКҰ төрағасы, мандат комиссиясының төрағасы есепті жылдарда атқарылған жұмыстарға қанағаттанарлық деген баға беріп, алдағы уақытта кәсіподақ комитетінің жұмысына табыстар тіледі.
Облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары А.Абуов баяндама мен ұсыныстар бойынша өзінің ой-пікірін білдіріп, алда тұрған міндеттер және облыстық кәсіподақ комитетінің қызметі туралы делегаттарды хабардар етті.
Күн тәртібіне сәйкес қалалық кәсіподақ комитетінің комитет мүшелері, тексеру комиссиясының мүшелері мен төрағасы және облыстық конференцияға делегаттар сайланды. Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып Мұсақұлов Скандар Төлендіұлы қайта сайланды. Конференцияның күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылданды.
Конференция соңында үздік бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен үздік кәсіподақ жетекшілері Түркістан облысы білім басқармасының марапаттарымен, облыстық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен және облыстық кәсіподақ комитетінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» белгісімен марапатталды.
Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.