Балалар жылына орай қайырымдылық шарасы
Түркістан облыстық кәсіподақ комитеті Балалар жылына орай қайырымдылық шарасын өткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж. Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялап, оларды қорғау үшін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынуы керек екенін айтып, тапсырма берген еді. Президент өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жастарға зор үміт артатынын, олардың келешегі үшін барлық жағдайды жасау керегін нақтылады. Осы орайда ел аумағында Балалар жылы аясында көптеген маңызы бар іс-шаралар өткізілді.
«Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ Балалар жылына байланысты жыл басынан бері бірнеше іс-шара өткізді. 2022 жылғы 27 желтоқсан күні Төлеби ауданындағы № 4 Тасарық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының (жүру-қозғалу қабілеті нашар балалар) тәрбиеленушілерін Жаңа жыл мерекесімен арнайы құттықтау жасады.
Облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары А.Абуов, Төлеби аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Р.Сайлауұлы орталық тәрбиеленушілеріне облыстық кәсіподақ комитетінің арнайы дайындаған сыйлықтарын табыстады, балаларды мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, ерекше көңіл бөлу оларды жігерлендіріп, үлкен қуанышқа бөледі.
Орталық директоры Л.Есназарова балаларға арнайы көңіл бөліп, құттықтап келген облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары мен қызметкерлеріне, Төлеби аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасына ризалығын білдірді.
Облыстық кәсіподақ комитеті қашан да мектеп оқушылары мен жасөспірімдерге, әлеуметтік аз қамтылған балаларға қолдау көрсету, оларды әлеуметтік қорғау жұмыстарына үнемі көңіл бөліп келеді.
Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.