БЕРЕКЕЛІ БІРЛІК ПЕН ЕСЕЛІ ЕҢБЕК БАСТАМАСЫ Жолдасов А

Жолдауға – қолдау!

 

БЕРЕКЕЛІ  БІРЛІК  ПЕН  ЕСЕЛІ  ЕҢБЕК  БАСТАМАСЫ

 

1 қыркүйек – Білім күні  мерекесімен қатар еліміздің тарихында жаңа бір саяси ахуал орын алды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын жариялады.

Бұл жолы мемлекет басшысы бүкіл әлемді алаңдатып отырған пандемиямен күрес жолдарын, оның елімізге алып келген зардабы мен өзгерістерін айта келіп, еліміздің әлеуметтік дамуына, ел тұрғындарының табысы мен жұмыс орындарының сақталуына, халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігіне кеңінен тоқталып өтті. Сондай-ақ, әлем пандемияны толық жеңуі үшін кем дегенде 2 жыл мерзім уақыт керек екенін, ал қазіргі таңдағы пандемия алып келген экономикалық-әлеуметтік дағдарысты қалыпқа түсіруге 5 жыл уақыт кететінін де атады.

Қазақстан халқының әрбір азаматының көкейінде жүрген мәселені шешу жолына арналған жаңа жолдау – ел дамуы мен халқымыздың өмірінде біршама жаңашылдықтың болатынын айқындап берді. Жалпы алғанда  жеті бөлімнен, бес бастамадан тұратын бұл саяси құжат  қарапайым еңбек адамының, зейнеткерлердің, мемлекеттік қызметкерлер мен білім-ғылым саласындағы еңбек етіп жүрген ғалымдардың, мәдени қызметкерлердің, мемлекеттік басшылықта отырған депутаттар мен министрлердің, құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің әрқайсының міндетін, сонымен қатар, қызметіндегі орын алатын өзгерістер мен жаңалықтарды жүйелі бағыттап берді.

Білім беру бағытын айқындаған үшінші бөлімде педагогика саласының қызметкерлерінің статусының көтерілгенін, мұғалімдерді қайта даярлау курстарынан әр үш жыл сайын өткізу керектігін, пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесінде пайда болған кемшіліктерді түзеу іс-шараларын ұйымдастыру қажеттілігін,  еліміздің білім жолындағы жетістігін халықаралық деңгейде дәлелдеген дарынды оқушыларға қолдау көрсетілетіндігін, балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу маңыздылығын, ауыл мектептері мен қала мектептерінің арасындағы алшақтықты жою маңыздылығын, сондай-ақ, мектептердегі орын тапшылығын мектеп салу арқылы шешу керектігін атап өтіп, жүйелі де жоспарлы жұмыстарды орындауға тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы барлық білім беру мекемелеріне дәстүрлі жүйе бойынша білім алуға барша жағдай жасауды тапсырып отыр. Әрбір оқушы мен ұстаздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолын ескере отырып, дәстүрлі жүйеде білім беруге дайындық жұмыстарын жүргізуді де атап айтты. Қашықтықтан білім беру жүйесінде де барынша дамытылған онлайн білім беру платформаның дайындалу керек екенін тілге тиек етті. Басты назарды жасөспірімдердің спорт пен шығармашылық тұрғыда білім алуына жағдай жасауға жұмсауды тапсырды. Әрбір жас бүлдіршінге мектепке дейінгі оқу-тәрбие берілуі керектігін, балабақшалар мен мектепке дейінгі білім беру орындарын көбейту үшін жұмыс жасауды, білімді ұрпақтың ел болашағы екенін еске салды.

Президентіміз жылдағы жолдауында атап айтатын тағы бір мәселе –ұстаздардың еңбекақысы жайлы болды. 2022 жылдың қаңтар айында ел ұстаздарының еңбекақысын 25 пайызға өсіруді тапсырды. Өзім де ұстаз ретінде мемлекет тарапынан жасалып отырған әрбір көмек бізді жігерлендіре түседі дегім келеді. Біз, білім беу саласының қызметкерлері,  еліміздің дамуы мен жаңаруы жолында бар күш жігерімізді сала отырып еңбек етуді басты парызымыз деп санаймыз!

Ел президенті өз жолдауының түйінін ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген даналық сөзімен бекітті. Қазіргідей жаңғырған жаңа заманда еліміздің әрбір азаматы жоғары білім мен табанды еңбектің нәтижесінде ғана биік белестерден көрінетінін ашық жеткізді.

Біз, мақтааралдықтар, ел басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» тақырыбындағы Жолдауда айтылған барлық игі бастамаларды қолдаймыз!

 

 

Мақтаарал аудандық мәслихатының депутаты,

Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы

Мақтаарал аудандық комитетінің төрағасы

 Жолдасов Алданияз Бастарұлы

 

БЕРЕКЕЛІ БІРЛІК ПЕН ЕСЕЛІ ЕҢБЕК БАСТАМАСЫ Жолдасов А