Бес жылға есеп берілді
2023 жылғы 20 желтоқсан күні Сайрам аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының есеп беру және қайта сайлау ХХІІІ конференциясы болып өтті. Конференцияға өкілеттік нормасына сәйкес сайланған 71 делегаттың 62 қатысты. Іс шараға Түркістан облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары А.Абуов, А.Қабылбеков – зейнеткер, ұстаз және басқа да шақырылғандар қатысты.
Конференция жұмысын Сайрам аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы М.Сейдалиева ашып, делегаттардың жалпы дауысымен күн тәртібі бекітілді.
Сайрам аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы М.Сейдалиеваның кәсіподақ комитетінің 2019-2023 жылдардағы атқарған жұмысы туралы есепті баяндамасы мен тексеру комиссиясының төрағасы Р.Пиртаевтың есебі тыңдалды.
Баяндамада есепті кезеңде аудандық кәсіподақ комитеті құрылымының нығаюы, әлеуметтік әріптестікті дамыту жөнінде атқарылған жұмыстар, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша атқарылған шаралар, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына қоғамдық бақылау жасау және оның нәтижелері, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, бұқаралық спорт және мәдени іс-шаралар жайлы ақпарат және мәліметтер айтылып, кемшіліктерді болдырмау, алда атқарылатын шаралар, кәсіподақ мүшелері тарапынан айтылған сын ескертпелерді орындау мәселелері қозғалды.
Баяндамаларды талқылау бойынша жарыссөзде сөйлегендер С.Кочкартаев – Ұлықбек атындағы ЖББМ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, Б.Алтаев – Бөкейхан атындағы ЖББМ директоры, М.Юлдашева – №4 МГ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы, А.Қабылбеков – зейнеткер, ұстаз, Г.Бегалиева – Абылайхан атындағы №93 ЖББМ мандат комиссиясының төрағасы есепті жылдарда атқарылған жұмыстарға қанағаттандырарлық деген баға беріп, алдағы уақытта кәсіподақ комитетінің жұмысына табыстар тіледі.
Облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары А.Абуов баяндамалар бойынша өзінің ой-пікірін білдіріп, алда тұрған міндеттер және облыстық кәсіподақ комитетінің қызметі туралы делегаттарды хабардар етті.
Күн тәртібіне сәйкес қалалық кәсіподақ комитетінің комитет мүшелері, тексеру комиссиясының мүшелері мен төрағасы және облыстық конференцияға делегаттар сайланды. Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы болып Сейдалиева Маргарита Қуанышқызы қайта сайланды. Конференцияның күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылданды.
Конференция соңында үздік бастауыш кәсіподақ ұйымдары мен үздік кәсіподақ жетекшілері Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасы, республикалық «ӨРЛЕУ» білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» медалі, облыстық кәсіподақ комитетінің Алғыс хаттары, Құрмет грамоталарымен және облыстық кәсіподақ комитетінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» белгісімен марапатталды.
Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.