Биыл Ауғанстан соғысының аяқталғанына 35 жыл толды
Жетісай ауданының білім бөлімінің М.Жұмабаев атындағы №15 жалпы білім беретін мектебінде Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауған оқиғасы» тақырыбында іс-шара ұйымдастырылды. Оқушыларға Ауған соғысы жайлы мәлімет беру, ардагер ағалармен ашық әңгімелесу, сұхбаттасу, өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгер ағалардың ерлігін үлгі ету, Ауған соғысында опат болған жауынгерлердің рухына тағзым ету, есімдерін қастерлеуге тәрбиелеу, оқушыларға патриоттық тәрбие беру мақсатында өткен шараға Ауған соғысының ардагері – Дүйсебаев Жора,Жассақ Байзақ,Мұсылманқұл Батырбек сондай-ақ Тәжік- ауған шекарасында әскери борышын өтеген Мырзахметов Ержігіт, Кенжебеков Дәулетбек ағаларымыз қатысты. Қазыбек би ауыл әкімшілігінен Оңалбаев Әуезбек, Бектураев Тимур ағаларымыз қонақтардың санын толықтырды.
Оқушыларымыз автоматты шашып-қайта жинау бойынша өнерлерін паш етсе,кеш қонақтары да автоматты шашып жинаудан қалыспайтындығын дәлелдеп берді. Іс-шарамызға қонақ болып қатысқан Ауған соғысының ардагері Дүйсебаев Жора ағамыз сол бір отты жылдар туралы әңгімелеп, өз естеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ қонақтар және оқушылар арасында әуенді тап сайысы ұйымдастырылып,патриотты әндер жасырылды,сайыс соңында қонақтар оқушылармен бірге “Атамекен”әнін шырқады.
Өздеріңді жырлап өтер ұрпағың, Ауғанда боп азап шеккен арыстар, -деп ақындарымыз жырлағандай, өмір жылжып жатқанмен, ерлік өлмейді, заманымыз жалғаса береді. Бұған дәлел ортамызда жүрген ауғандық жауынгерлердің бейбіт өмірдегі жарқын істері, қоғамдық жұмыстағы белсенділіктері, бәрінен бұрын жастарымызды, отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеудегі ерен еңбектері.
Ардагерлерімізге алғыс білдіре отырып, денсеріне саулық, отбасыларына амандық, әрбір бастамаларына толағай табыстар тілейміз.
Жетісай аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.