Жастар жылындағы кездесу
“2019 жыл – Жастар жылы” аясында Жас педагогтардың шеберлігін шыңдау, алдыңғы буын -ағалардың іс-тәжірибесін оқып үйрену мақсатында Сарыағаш аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен танымал педагог, білікті басшы, “Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер”, “Оңтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы” – Сайлаубай Мырзабаевпен кездесу өткізілді.
Кездесуге С.Мырзабаевтың кәсіптес шәкірттері – қазіргі кезде еңбек демалысында жүрген байырғы танымал мектеп басшылары мен педагогтар, аудан мектептеріндегі еңбек жолын енді бастаған жас педагогтар шақырылды.
Кездесуді ардагер педагог, ҚПА-ның профессоры Ө.Керімбек жүргізіп отырды.
Ө.Керімбек кездесудің мақсаты жайлы айтып, Сарыағаш аудандық кәсіподақ комитетіне, оның басшысы Ә.Тастанбековке осы кездесуді ұйымдастырғаны үшін, кездесудің үлкен мәні бар екеніне тоқталып ризашылық білдірді.
С.Мырзабаев жайлы түсірілген “Жақсының жақсылығын айт” фильмінен үзінді көрсетіліп кейіпкеріміздің өмір жолы, қызметі таныстырылды.
Сәкеңнің қызметтес інілері Р.Оспанов, З.Смайылов, К.Қойлыбаев және М.Құтышевалар естеліктерімен бөлісіп, жас педагогтарға мұғалімдіктің қыр-сырын айтып, сәттілік тіледі, ағамыз Сәкеңе ұзақ өмір, мықты денсаулық тіледі.
Кездесуге жас мұғалімдер сөйлеп, білім саласының бәйтерегі – Сайлаубай ағамызға оқушыларға білідм беруде үздік жетістікке жетудің қыр-сырлары бойынша сұрақтар беріп, тұшымды жауаптар алды.
Жастарды толғандырған сұрақтар да әрқилы: “қәзіргі білім беру ісіне көңіліңіз тола ма?”, “ғайыппен қайта жасарып кетсеңіз қандай мамандықты таңдар едіңіз?”, т.б. сұрақтар қойылып кездесу реңдене түсті. Сайлау ағамыз сұрақтарға байыппен жауап беріп, жастарды білім беру ісіне рухтандыратын ақылдарын айтты.
Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ә.З.Тастанбеков Сайлаубай аға жайлы толғана сөйлеп, ол кісіден алған үлгі – өнегелері туралы жастарға құнды мәліметтер айтып, келген жастарға, ардагер педагогтарға ризашылығын білдірді.
Кездесудің кейіпкері, ардагер педагог, білікті басшы болған Сайлаубай Мырзабаевқа сый-сияпат жасалып, иығына оқалы тон жабылды.
Кездесу жоғары оптимистік дәрежеде өткізілді. Жиналған жастар кездесуден рухтанып, шабыттанып шықты. Қарт ұстаз – Сайлаубай Мырзабаев ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, жастарға сәттілік тіледі.



