КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ. АРДАҚТЫ ҰСТАЗ, АЯУЛЫ АНА, АСЫЛ ӘЖЕ

Көктемнің жарқын мерекесі 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнінің қарсаңында ұлағатты ұстаз Зілғараева Зира Пазылқызы туралы жазуды жөн санадым. Мен Зира апайды көптен бері танимын. Ол кішіпейілділігімен, мәдениеттілігімен, адамгершілік қасиеттерімен кімді болса да өзіне баурап алады. Зира Пазылқызы – салмақты, әдепті, сыпайы мінез-құлқының арқасында әріптестері арасында да, шәкірттерінің алдында да құрметке ие педагог. Қандай жағдай болмасын, ұстамды қалпынан айнымайтын, жүзінен жылулық есіп тұратын Зира апайдың байыпты сенімділігі мен ұстамдылығы оның кәсібилігінің бір белгісі секілді.

Өнегелі ұстаз сабағында оқушыларының назарын аударту үшін дауысын көтеріп, артық әрекетке бармайды. Оның сабақ беру әдісі әр баламен сезімтал қарым-қатынасқа, түсіністікке, әр оқушының даралығын құрметтеуге негізделген. Оның сабырлылығы айналасындағыларға әсер етіп, сыныпта сенімділік пен жайлылық атмосферасын тудырады. Зира Пазылқызы – ұстаз ғана емес, мінез-құлқымен, айналасындағы адамдарға жақсы қарым-қатынасымен үлгі болатын тұлға.

Зілғараева Зира Пазылқызы Қызылқұм ауданы (қазіргі Отырар) Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Ордабасы ауданындағы Октябрь орта мектебін 1983 жылы үздік тәмамдаған. Сол жылы Жезқазған педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түсіп, оны 1988 жылы бітірген.

Мақала кейіпкерінің мамандығы – неміс және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімі. Алғашқы еңбек жолын Ленгір қаласындағы №3 П.Тәжібаева атындағы орта мектепте неміс тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған. Тәжірибелі ұстаз 1990 жылдан қазіргі күнге дейін Момынай жалпы білім беретін мектебінде оқушыларға шетел тілі пәнінен дәріс береді.

Ардақты ұстаздың осы жылдар ішінде білім беру саласына сіңірген еңбегі елеусіз қалмай, әр жылдары олыстық білім басқармасының, аудандық білім бөлімінің мақтау грамоталарына, Алғыс хаттарына ие болған. 2016 жылы аудан әкімінің Алғыс хатымен, 2017 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 2021 жылы аудандық білім бөлімінің «Үздік ұстаз» номинациясына ие болған.

Кейіпкеріміздің білім берген шәкірттері пән олимпиадаларында жүлделі орындардан көрініп жүр. Биылғы оқу жылындағы жетістіктеріне ғана тоқтала кетсек, ағылшын тілі пәнінен өткен аудандық олимпиадада 11-сынып оқушысы Төлебекова Жания мен 7-сынып оқушысы Исабай Айша жүлделі 2-орынды, 10-сынып оқушысы Ахтай Дана 3 орынды иеленді. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде ағылшын тілінен 11-сынып оқушысы Асанхан Назгүл ІІ дәрежелі дипломмен, 10-сынып оқушысы Ахтай Дана ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Зира Пазылқызының сүйікті мұғаліміне еліктеп, ұстаздық жолды таңдаған шәкірттері де бар. Бұл туралы Зира апай: «Ең алғашқы жолымды қуған шәкіртім – Сүлейменова Эльвира. Ол Алматы шет тілдері институтын тәмамдаған, мамандығы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Тұрдыбек Дина – А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің 4-курс студенті, болашақ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Асқарова Әсел – Алматыдағы шет тілдер институтының 3-курс студенті. Мектепті былтыр Алтын белгімен бітірген шәкіртім Әзірбай Ұлдана А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда» дейді менімен әңгімесінде.

Зира апайдың өмірлік серігі Пошанов Тұран ағай да осы білім ордасында жұмыс істейді. Ұлағатты ұстаз өзгенің балаларына білім мен тәрбие беріп қана қоймай, отағасы екеуі өз балаларына да өнегелі тәрбие беріп, оқытып, бір-бір шаңырақ етіп, аяқтандырған. Қос ұлы да аттарына жаман сөз ермей, кішіпейіл, қайырымды, ізетті азамат боп қалыптасты. Екеуі де қарапайым қалыптарынан танбайтын, қолдарынан келгенше жұрттан көмегін аямайтын, қашанда жақсылық жасауға құштар, адал жандар.

Үлкен ұлы Мақсат Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Қазіргі таңда Алматы қаласында құрылыс компаниясында қызмет атқарады. Мақсаттың зайыбы Жайнагүл – қара шаңырақтың ибалы келіні. Ол да ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Екінші ұлы Мереке Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін бітірген, мамандығы – инженер-құрылысшы. Қазіргі кезде Астана қаласындағы «Казстройподряд» ЖШС директорының құрылыс жөніндегі орынбасары боп табысты еңбек етуде. Мерекенің жары Меруерт те Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін бітірген, магистр дәрежесі бар маман. Қазіргі уақытта бала күтімі бойынша демалыста.

Ардақты ұстаз, аяулы ана қос перзентінен алты немере сүйіп, асыл әже атанып отыр.

 

Төлеби аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ. АРДАҚТЫ ҰСТАЗ, АЯУЛЫ АНА, АСЫЛ ӘЖЕ КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ. АРДАҚТЫ ҰСТАЗ, АЯУЛЫ АНА, АСЫЛ ӘЖЕ КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ. АРДАҚТЫ ҰСТАЗ, АЯУЛЫ АНА, АСЫЛ ӘЖЕ КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ. АРДАҚТЫ ҰСТАЗ, АЯУЛЫ АНА, АСЫЛ ӘЖЕ