КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ. ҮЛГІЛІ БІЛІМ БЕРУ МЕКЕМЕСІ
Ленгір қаласындағы бірегей білім ордасы – №7 IT мектеп-лицейі. Бұл білім ұясының 1200 орындық ғимараты «100 мектеп» атты республикалық мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған болатын. Бүгінде 1470 оқушысы мен 114 педагогы бар аталмыш мектеп-лицей – өңіріміздегі алдыңғы қатарлы, үлгілі білім ошағы. Мұның бір дəлелі – мектеп-лицейдің 2023 жылдың қорытындысы бойынша ауданымыздағы үздік білім беру мекемесі атануы. Мектеп-лицейдің жыл үздігі деп танылуына байланысты осы білім ордасының басшысы Жамбыл Орынбаевқа жолығып, бұл мекеменің былтырғы жылғы жетістіктері туралы əңгімелеп беруін өтіндік.
Мен мектеп-лицейдегі жұмысымды мұғалім болып бастадым. Кейін директордың орынбасары болдым. Осы мектеп-лицейдің алғашқы басшысы ардагер ұстаз, марқұм Темірбеков Замаділлə ағай болды. Ол кісі бұл білім беру мекемесінің негізін қалады деуге болады. Сондықтан, осы əріптесіміздің мектеп-лицейімізге сіңірген еңбегін ұмытуымызға болмайды, – деді əңгімесінің басында Жамбыл Əзімханұлы.
Ол айтқандай, мектеп-лицей білім алушылары өткен оқу жылында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген. Білім беру мекемесінің оқушылары 2023 жылғы аудандық өнер фестивалінің қорытындысы бойынша бірінші орыннан көрінген. Ал, жастар дебатының аудандық кезеңінде екінші жəне үшінші орынды иеленген.
«Оқушыларымыздың мұндай іс-шараларға жиі қатысып, дебат алаңында өз қатарластарымен пікір таластыруын қалаймыз. Себебі, дебат – жастарды көшбасшылыққа баулудың бірден-бір жолы. Ендеше, көшбасшы болғысы келетін оқушыларымыздың өз ойын ашық білдіріп, еркін сөйлей білуі маңызды» дейді мектеп-лицей директоры.
Мектеп-лицей оқушыларының былтырғы олимпиадалардағы, басқа да білім додаларындағы жетістіктері туралы да ауыз толтырып айтуымызға болады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Оқуағарту министрлігінің бұйрығымен бекітілген тізімге енген, 2022-2023 оқу жылындағы олимпиадалар мен байқаулардың аудандық кезеңінде 32 оқушы, ал облыстық кезеңде 13 оқушы жүлдегер атанған. Сонымен қатар, мектеп-лицейдің 86 білім алушысы өткен оқу жылындағы «Ақ бота», «Кенгуру-математик», «Алтын сақа», «Алтын қыран», «Алтын ұрпақ», «Самұрық», «Балалар оқуы» атты олимпиадалар мен байқауларда да жүлделі болған.
Оқушыларымыздың бірқатары зерттеу жобаларымен, шығармашылық жұмыспен айналысуға ерекше қызығушылық танытқан. 2022-2023 оқу жылы осындай жұмыстарымен 16 білім алушымыз аудандық деңгейдегі байқауда, ал 5 оқушымыз облыстық деңгейдегі конкурста жүлдегерлер қатарынан көрінді, – деп жалғады сөзін Жамбыл Əзімханұлы.
Мектеп-лицей директоры сұхбатымыздың барысында ұжымында білікті, тəжірибелі ұстаздардың көп екенін тілге тиек етті. Бұл ұстаздардың 28-і былтырғы олимпиадалар мен байқаулардың аудандық кезеңінде, 24-і облыстық кезеңде, 13-і республикалық кезеңнің жүлдегері атаныпты. Сонымен бірге, мектеп-лицей педагогтары бірнеше оқу-əдістемелік құрал мен авторлық бағдарлама дайындаған.
Мақтаса, мақтағандай-ақ. Былтыр жүргізілген мониторинг қорытындысына сəйкес, аудан бойынша мектеп-лицейдің 4 жəне 9-сынып оқушылары бірінші орынды иеленді.
Лицей оқушылары қосымша біліммен де қамтылған. Бүгінде ондағы білім алушылардың 757-сі үйірмелерге қатысуда. «Елбасы медалі» 5 оқушыға берілген. Өнер жəне спорт бағыты бойынша ұйымдастырылған облыстық байқаулар мен жарыстарда мектеп-лицейдің 13 білім алушысы жүлдегерлер қатарына енген. Осындай республикалық додада 3 оқушы, халықаралық деңгейдегі бəсекеде 1 білім алушы жүлдегер атанған. Т.ІЛИЯСҰЛЫ.
Төлеби аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.