КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ

Төлебилік Дидар Оразымбетова—2023 жылдың Түркістан облысындағы «Жылдың ең үздік тәрбиешісі.» Бүлдіршіндерді 40 жыл мәпелеген Ленгір қаласындағы «Қарлығаш» бөбекжайы – ауданымыздағы алдыңғы қатарлы мектепке дейінгі білім беру мекемесі. Осы бөбекжайда 1984 жылдан бері жұмыс істеп жүрген білікті тәрбиеші Оразымбетова Дидар апайды өз ісін жетік меңгерген маман деуіме болады. Ол – бүлдіршіндерді жүрегімен сүйетін нағыз педагог. Биыл аталмыш бөбекжайда жұмыс істеп жатқанына 40 жыл толып отырған Дидар Сахибекқызын әріптестері жауапкершілігі жоғары, ізденімпаз, білімді маман ретінде таниды.
Мақтаса, мақтағандай-ақ. Дидар апайдың өзімен тілдесіп, ол туралы сұрастырсаңыз, осы жылыжүзді педагогтың шынында да жақсы адам, жақсы маман екеніне көз жеткізесіз. Дидар Сахибекқызы жөнінде «Қарлығаш» бөбекжайының меңгерушісі Бүркітбаева Эльмира ханым былай дейді:
– Баршамыз үлгі тұтатын, мақтан ететін әріптесіміз Дидар апай бүгінге дейін түрлі байқауларға қатысып, жүлдегер болған. Ол бөбекжайда өткізетін әрбір іс-шарасын жоспарлауда шығармашылық танытып, сол шараларды барлық балаларды қызықтыру үшін тартымды етіп ұйымдастырады. Білімін жетілдіру, біліктілігін арттыру, педагогикалық шеберлігін шыңдау мақсатында ізденіс жүргізіп отырады. Жалпы, Дидар Сахибекқызы тиянақтылығымен де дараланып, барлық істе ерекше белсенділігін байқатады.
1967 жылдың 6 шілдесінде Ленгірде өмірге келген Дидар апай қаламыздағы №2 Ш.Уәлиханов атындағы мектепті бітіре салып еңбекке араласқан. Ол аталған бөбекжайда алдымен тәрбиеші көмекшісі болып жұмыс істеп, сол кезде-ақ педагог болуға қарым-қабілетінің барын аңғартқан. Бүгінде тәжірибелі тәрбиеші, жас мамандардың тәлімгері атанып отырған Дидар Сахибекқызы колледжде де, университетте де білім алған екен.
Апай барлық жетістікке білімінің ғана емес, мол тәжірибесінің арқасында да қол жеткізгенін айтады. Мақтаулы педагог әр жылдары аудандық, облыстық және республикалық деңгейде марапатталған екен. Мысалы, 2019 жылы Дидар апай Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын алған. Ал 2020 жылы оған Түркістан облысы білім басқармасының, 2021, 2023 жылдары Төлеби аудандық білім бөлімінің Алғыс хаты табыс етілген. Сондай-ақ, 2022 жылы Дидар Сахибекқызын облыстық білім беруді дамыту орталығы марапаттаған.
Мақала кейіпкері өзінен кейінгі әріптестеріне, жас тәрбиешілерге білетінін үйретуден ешқашан жалыққан емес. Ол мол тәжірибесімен облыстық тамыз конференциясы мен тәжірибелік семинарда да, республикалық педагогикалық журнал мен ғылыми-әдістемелік басылым арқылы да бөліскен.
Сонымен қатар, Дидар апай мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің педагогтарына арналған, ойын арқылы баланың логикалық ойлау қабілетін дамыту тақырыбындағы құнды әдістемелік құрал авторларының құрамына енген.
Түркістан облысы бойынша 2023 жылдың үздік тәрбиешісі деп танылған Дидар Сахибекқызы бөбекжайдағы бүлдіршіндерге ғана емес, перзенттеріне де өнегелі тәрбие берген. Апайдың ұлы Әбутәліп агроинженер мамандығы бойынша білім алып, қазіргі кезде Шымкенттегі жеке компанияда қойма логистикасы маманы болып жұмыс істеуде. Ал үлкен қызы Жанар – педагогика ғылымдарының магистрі. Ол Алматыдағы Абай атындағы гимназияда ұстаздық етуде. Осы қаладағы жоғары оқу орнының тестілеу орталығында инспектор болып қызмет етіп жүрген кіші қызы Жадыра техника ғылымдарының магистрі атанған.

Төлеби аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ