КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ
Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет Бауыржан Момышұлы Ленгір қаласындағы №1 мектеп – гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Байтасова Нұрила Сәрсенбайқызы
Мектеп – білім тірегі десек, ұстаз – оның жүрегі. Ұстаз – бір елдің болашағы үшін қызмет жасайтын киелі мамандық иесі. Бүгінгі таңда ұрпақ тәрбиесі ұстаздар алдына зор жауапкершілік жүктеп отыр. Бәсекеге қабілетті, елімізді өркениетті елдермен терезесін тең ұстайтын білімді ұрпақ қалыптастыру – ұстазға сын. Мемлекетіміз білім саласына тың өзгерістер құру бағытында. Бұл идея бүкіл білім беру мекемелері мен заманауи үлгідегі білім беруді қажеттейді. Сондықтан білім алушылардың біліктілігін, құзырлылығын арттыруға ерекше мән беріледі. Оқушының оқып – үйреніп, өмірдің көлденең тартқан қандай да болмасын қиындықтарын шешуге даяр болуына, өмір бойы үйрену дағдыларына бейімдеуді ұстаздар басты назарда ұстайды.
Бүгінгі кәсіподақ мінберінен осындай игі мақсатта еңбектенетін қаламыздағы іргелі білім беру мекемесі №1 мектеп – гимназияда ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз Байтасова Нұрила Сәрсенбайқызы туралы айтпақпыз.
Әкесі Нұржанов Сәрсенбай қазақ тілі мен әдебиеті маманы болатын. Әдебиетке деген құштарлығын әкесі оятты. Балғын шағында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болуды армандайтын. 8 жылдық мектепті бітірген соң Тараз қаласындағы педагогикалық училищеге түсіп, 1982 жылы бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша үздік дипломмен туған жерге оралып, өзі оқыған Екпінді орта мектебінде еңбек жолын бастады. Арман жетелеп Шымкент педагогика институты филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім алды. Бірінші мамыр, Алатау орта мектептері, Ленгір медицина училищесінде, 1997 жылдан бастап №1мектеп – гимназияда қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, 2016 жылдан бері директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып келеді. Осы жылдар ішінде өзін білімді, ұстамды, жаңашыл, өз ісінің шебері, білікті ұстаз ретінде көрсетті. Жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуде, ұжымдағы ұстаздар арасында оқу–тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда шығармашылық, талапшылдық, аса мұқияттылық танытады. Шығармашылық топтың мүшесі ретінде аудан, облыс көлемінде білім сапасының артуына өз үлесін қосып келеді. Төлеби аудандық тест орталығында ҰБТ – ның апелляциялық комиссия мүшесі; Білім және ғылым министрлігі бекіткен ОЖСБ-ның министрлік өкілі ретінде Шымкент қаласындағы, Түркістан облысы Сарыағаш, Түлкібас аудандарының мектептерінде комиссия мүшесі; облыстық бақылау департаментінің Арыс қаласы және Қазығұрт ауданы мектептеріндегі аттестаттау комиссиясы мүшесі; облыстық бақылау департаментінің Бәйдібек ауданы Домалақ ана орта мектебінде өткізген ішінара тексеру комиссиясы мүшесі; жаңартылған білім мазмұны аясында әзірленген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тұжырымдамасымен танысу, талқылау бойынша өткізілген облыстық, республикалық семинарларда ой бөлісті; «Үш тілде білім беру – көпмәдениетті тұлғаны қалыптастыру құралы» тақырыбындағы облыстық практикалық семинарда баяндама жасап, ашық сабақ өтті, облыс көлемінде іс-тәжірибесі таратылды; Төлеби ауданы оқу ісі меңгерушілерінің семинарында «Критериалды бағалау аясында оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесіндегі ерекшелік», «Эссе жазудың тиімді жолдары» тақырыптарында баяндама жасады; «Жаңартылған бағдарлама бойынша бастауыш сынып пәндерін оқытуда оқушылардың шығармашылығын арттыру» тақырыбындағы аудандық кеңейтілген семинарда аудан мұғалімдеріне коучинг өткізіп, құнды деп танылды; «Қазақстан ұстазы» халықаралық ғылыми-әдістемелік жинағында «Критериалдық бағалау жүйесі аясында мұғалімнің іс-әрекетін ұйымдастыру, бағалау тапсырмаларын құрастыру, сараптама жасау» тақырыбындағы мақаласы жарияланып, озық тәжірибесімен бөлісті. Озық тәжірибесі «Қазақ тілі мен әдебиеті пән мұғалімдерінің озық іс – тәжірибелер жинағына» енді. «Қазақ тілі мен әдебиетінен тест жинақтары», «PISA халықаралық зерттеуі аясында қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту жолдары» атты әдістемелік нұсқаулықтары шықты.
Шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен байқауларда, ғылыми жоба жарыстарында бірнеше рет жүлделі орындарды иемденді. Өзі түрлі кәсіби байқаулардың жеңімпазы, тренер-мұғалім. Ұзақ жылдар бойғы ұстаздық еңбегі үшін аудандық, облыстық білім басқармасы, аудан, облыс әкімдігінің Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен, мадақтама қағаздарымен, білім беру қызметкерлеріне арналған «Әдіскер» халықаралық сайтында белсенділік танытып, сайт іс-шараларына зор үлес қосқаны үшін Алғыс хатпен, «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен марапатталған. ҚР Білім және ғылым министрлігінің «2016 жылдың “ҮЗДІК ПЕДАГОГІ” атағының иегері болып табылады.
Бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырған ардақты ана, сүйікті әже, адал жар.
Төлеби аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.