Мерекелік іс шара
Шұғылалы көктемнің алғашқы мерекесі-Халықаралық әйелдер күнін ақ шашты қариядан бастап, жас жеткіншекке дейін асыға күтеді. Бұл күн-отбасының ұйытқысы мен берекесіне айналған аналарымыз бен әпкелеріміз, сұлу да сымбатты қыздарымыздың мерекесі. Осынау айтулы күнге орай 5 наурызда Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімі мен Сауран аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ комитеті бірлесіп, Шорнақ ЖОМ-да мерекелік іс-шара өткізді.
Аудан әкімі Рысбеков Ғани Құрмашұлы аяулы аналар мен қыз-келіншектерге, қызметте жүрген азаматшаларға құттықтауын жеткізіп, елге еңбегі сіңген, бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келе жатқан бірқатар аналарды «Алғыс хатпен» марапаттап, сый-сияпатын жасады. Сонымен қатар, Сауран аудандық мәслихатының аппарат басшысы Сейтханов Махсат Мустапаевич мерекелік құттықтау лебізін білдіріп, бірқатар аналарды мәслихаттың алғыс хатымен марапаттады.
Отбасы, ошақ қасының тірлігімен шектеліп қана қалмай, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген ұстаздар қауымының құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтіп, әл-ауқатын жақсарту жолында ілкімді істер атқарып жүргенін Сауран аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ комитетінің төрайымы Рысбекова Фатима Абуталиповна тілге тиек етіп, еселі еңбегімен дараланғандарға құрмет көрсетіп, кеудесіне төсбелгі тақты. “Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер” төс белгісімен “Бабайқорған” ЖОМ-нің мұғалімі Утепова Баян Абдаевна, “Қарашық” ЖОМ-ның мұғалімі Ганишева Фарагат Атамурзаевна, “Қызыл әскер” ЖОМ-нан Ахметова Ирсалат Муташевна, Ы.Алтынсарин атындағы ЖОМ-ның мұғалімі Батырова Гүлжанат Абдурамановна, “Шорнақ” ЖОМ-нің директоры Сапорова Гульназ Муратовна, “Сауран” ЖОМ мектеп директоры Қаражанова Гулбағила Баяновна, 13 ЖОМ-нан Алдиярова Алия Муратовна марапатталды.
Ізгі тілектермен ыстық ықыласқа бөленген білім мен тәрбиенің бастауындағы әріптестеріміз өздеріне көрсетілген қошеметке дән риза болып, ағынан жарылды.
Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.