МҰҒАЛІМІ МӘРТЕБЕЛІ ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІ БИІК

МҰҒАЛІМІ МӘРТЕБЕЛІ ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІ БИІК

Дамыған елу елдің қатарында болу – еліміздің даму стратегиясының басты саясаты. Елдің дамығандығының белгілері ғылым мен техниканың, экономиканың жетістіктері болса, мұның барып тірелер жері – білім, ал білім беру тетігі – мұғалім. Қазақта бұрындары ауылда болсын, қалада болсын, мұғалім зиялы адам болып есептелетін. Мұғалімді ұстаз санап, әркім сыйлайтын, құрмет тұтатын. Қазіргі тұлғалардың қайсысын алсаңыз да білім берген мұғаліміне еліктеді, үлгі алды. Тіпті мұғалім болуды армандады.

Қазір мұғалім сол мәртебесінен, атақ-абыройынан айырылып қалған. Оның дәлелдері көп-ақ. Мұғалімнің айтқанын жүре тыңдап, ескерткен әр пікірін талқыға салып, тіпті беттен алып айтысып, одан қалды сотқа беріп жатқан жайттар аз емес. Соңғы уақытта мұғалімдердің әкімшіліктің тегін жұмыс қолы саналатындықтан, науқандық жұмыстардың бәрі мұғалімдердің белсен-ділігімен атқарылатын. Мысалы, алаңдардағы митингілер мен үлкен залдар-дағы жиналыстардың еріксіз тыңдарманы мен көрерменіне айналуы, сайлау немесе тағы да сондай саяси науқандардың насихаттаушысы сияқты қоғамдық жұмыстардың қандайы болсын мұғалімді іздеп табады. Мектеп ішіндегі қағаздарының өзіне кейде үлгеріп, кейде үлгермей жүретін педагогтардың негізгі сабақ өткізу, тәрбие жұмыстарын жүргізу сияқты қызметін талапқа сай өткізетіндігіне күші жете бере ме деген сұрақ туындайтын.

Мұғалім- елдің болашағын көркейтіп, рухын биікке көтеретін, жас ұрпақты тәрбиелейтін жауапкершілігі мол киелі мамандық.Ондай мамандық иесі әрқашан да өресі биік болып, сөйлеген сөзінен, ойлар ойынан маржандай тізілген ілтипат пен парасаттың өрнектері, әсемдік әлемі көрінетін, көкірегі жақсылыққа тола, мейірімді, білімі біліктілікке ұласқан ізденімпаз, елжанды, адамгершілігі жоғары адам болу керек.

Мұғалімдердің апталық оқу жүктемесін азайту да бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі. Апталық жүктемені 14-16 сағатқа дейін азайтса, мұғалім жүгі біршама жеңілдер еді. 18 сағаттық апталық жүктеменің сыртында мұғалім мойнында сабақ жоспарын дайындау (А4 үлгісіндегі 3-4 бет – 1 сабаққа ғана), дәптер тексеру (оған коментарий жазу), түннің бір уағына дейін kundelik.kz толтыру (электронды күнделікке кірмейтін немесе кіруге мүмкіндігі жоқ ата-ана үшін түсіндірме жазу), тәрбие сағатын дайындау, өткізу, мектепте өтетін іс-шараларға қатысу, жиналыстарға қатысу (ата-аналар жиналысы, педкеңес, директор жанындағы мәжіліс) сияқты жұмыстар жетерлік.

Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі. «Мектептің жаны – мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар мектептен терең білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бүгінгі ұстазға қойылатын талапты дөп басып тұр.

Балабақша – мектеп – колледж – жоғары оқу орнында берілетін білім мен тәрбиенің қайнар көзі ұстаздың өресіне, білімділігіне байланысты.

Жаңа заң еліміздің тиісті деңгейдегі білім ордаларындағы мұғалімдерге де, білім алушыларға да тиімді болып, білім сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді деп сенемін.

Aудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы                                                                                                          Е.Қасым

МҰҒАЛІМІ МӘРТЕБЕЛІ ЕЛДІҢ ЕҢСЕСІ БИІК