Ордабасы аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті көңілді тапқырлар клубында

Ордабасы аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті көңілді тапқырлар клубында

«Өрлеу» білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ жариялаған «Денсаулық жылын» өткізу жөніндегі Ордабасы аудандық білім бөлімі мен Ордабасы аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің бірлескен аудандық іс-шаралар жоспарына сәйкес 2024 жылдың 16 қазан күні салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында М.Исламқұлов атындағы жббм базасында «Күлкі-денсаулық көркі» атты аймақтық жас мамандар арасында КӨҢІЛДІ ТАПҚЫРЛАР КЛУБЫ өте қызықты, тартысты өтті.

Сайысқа Шұбарсу аймағы бойынша 8 бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары бастаған командалар КТК бағдарламасын басшылыққа ала отырып, қызу дайындықпен қатысты.

Сайыс 4 кезеңнен өтті.

  1. Сәлемдесу, таныстыру (3 мин)
  2. Үй тапсырмасы «Мектеп немесе балабақша өмірінен көрініс» (5-7 мин)
  3. Сұрақ-жауап (тақырыпқа байланысты сұраққа әзілмен жауап беру)
  4. Педагогикалық шеберлік (Берілген материалдардан сабақта қолдана алатын демонстративтік көрнекіліктер ойлап табу, 3-5 минут)

Сайыстың әділ-қазылар алқасының құрамы:

  1. Төлебаев Қайрат Асылбекұлы-Ордабасы аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы, әділ-қазылар алқасының төрағасы,
  2. Жетимекова Айнур Тургунбаевна -С.Ысмайлов атындағы жалпы білім беру мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, әділ-қазылар алқасының мүшесі,
  3. Алтынбекова Эльмира Сайлаубековна- Ордабасы аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің маманы, әділ-қазылар алқасының мүшесі.

КТК бағдарламасы бойынша қатысушы командалар сәлемдесу, таныстыру кезеңінде музыкалық сүйемелдеумен басты тақырып аясында мекемелері мен команда мүшелерін қызықты таныстырып өз өнерлерін ортаға салса, екінші кезең үй тапсырмасында мектеп, балабақша өміріндегі өзекті мәселелерді әзілменен жеткізе білді. Ендігі қызықты сәт үшінші кезең, яғни сұрақ-жауап. Бірінші әр команда кеспе қағазын таңдап, ситуациялық сұраққа топпен кеңесіп, ұтымды жауап беруге тырысты. Дегенмен педагогтарымыз «мұғалім сабаққа кірген кезде, тақтадан өзінің карикатурасын көреді. Балалардың ойынша мұғалім кінәлі оқушыны іздеп, сабақ өткізбейді. Не істеу керек? және ата-аналар кеңесуге мұғалімге келді. Олардың 13 жасар қызы өте көп оқиды, үлгерімі жақсы, соңғы кезде қыз бен ата-ана арасында кейбір мәселелер туындап жүр. Ескертулерге қыз:-сендер мені жақсы көрмейсіңдер, үйден кетемін,-дейді. Ата-ана бұдан қорқып, қыздың барлық жағдайын жасайды. Ол жиі қайталанып жүр. Ата-анаға қандай кеңес берер едіңіз?»-деген ситуациялық сұрақтарда жағдаяттан шығу жолын іздестіріп қиындықпен жауап берді. Екінші әр команданың капитаны кеспе қағазын таңдап, қызықты сұраққа тез және дұрыс жауап беріп көрермендер мен қазылар алқасының көңілін көтерді. Соңғы кезең, берілген түрлі материалдардан сабақта қолдана алатын демонстративтік көрнекіліктер ойлап табуда педагогикалық шеберліктерін іс жүзінде көрсетті.

Төрт кезеңнен өткен сайысымыз өз мәресіне жетіп, әділ-қазылар алқасының шешімімен «Бас жүлде» мен КУБОКТЫ Балтабай Нұрлыбеков атындағы жалпы білім беру мектебінің “ШАҢЫРАҚ”, I орынды «Бал-бөбек» бөбекжай балабақшасының «Наркес», II орынды М. Исламқұлов атындағы жалпы білім беру мектебінің “Ақ Орда”, III орынды “Зерде” жалпы білім беру мектебінің «4+1» командалары иеленсе, “Ынтымақ” атындағы жалпы білім беру мектебінің “Ынтымақ” командасы «Көрермен көзайымы», ” Парасат” бастауыш мектебінің “Парасатты сұлулар” командасы «Өнерлі ұстаздар», “Зерек бала” бөбекжай балабақшасы “Зерек сұлулары” командасы «Шебер ұстаздар», “Айзере” бөбекжай балабақшасының “ГҮЛДЕРАЙ” командасы «Көңілді тапқыр ұстаздар» номинациясы және Ордабасы аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ комитетінің бірлескен Алғыс хатымен марапатталды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдары өз тараптарынан сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар, осындай қызықты сайысты үйлестіруші М.Исламқұлов атындағы жалпы білім беру мектебінің әкімішілігі мен БКҰ-ның төрағасы Иманбаева Айым Есиркеповнаға алғыс айта отырып, директоры Ақылбекова Жанар Сатановнаға Алғыс хат табыс етілді.

Сайысты өткізгендегі мақсатымыз мұғалімдердің мектеп аясында жауапкершілік алу мен ынтымақтаса жұмыс жасауын қалыптастыру, топ болып кеңесу арқылы проблемалардың тиімді шешімін таба білуге үйрету, мектептегі жаңа бастамаларға қатысты шешім қабылдауға толыққанды тартуды қамтамасыз етуге ықпал ету; Жастардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін арттыру, көңілді тапқырлар сайысы арқылы мемлекеттік тілді, салауатты өмір салтын насихаттау, қалыптастыру болатын. Бұл сайыста біз педагогтердің шығармашылық қырлары мен шеберліктерін де байқадық.

«Талант» деген сөзді әркім әр түрлі ұғынуы мүмкін. Талант көбіне, ақын-жазушылырда, әртістерде, өнер адамдарында кездеседі деп түсінеміз. Ал, «мұғалім болу-талант па, ол әркімнің қолынан келе бермей ме?». Ұстаздың барлығы талант болып тумайды. Егер кез келген мұғалім ынта-ықылас қойып, табандылық танытатын болса, өз бетімен көп еңбектенсе, идеялық жағынан сенімді, саяси жағынан есейген азамат болса, өз пәнін жақсы меңгерсе, оқытудың әдістемесін меңгеріп, бала психологиясын жете білсе, педагогикалық техниканы қалыптастырса, педагогикалық шеберлікке жету қасиеттеріне ие бола отырып, педагогикалық кәсіпті меңгерсе, педагогикалық әдепті бойына сіңірсе, онда талантты, шебер ұстаз бола алады.

Педагогикалық шеберлік-ұстаздық талантпен тығыз байланысты. К.Д.Ушинский: «Педагогика теориясын қаншама жетік білгенмен, педагогикалық әдептің қыр-сырын меңгермейінше бұған оның қолы жетпейтіндігін»,-айтады.

 

Ордабасы аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.