Республикалық форум
Түркістанда республикалық форум болып өтті.
15 ақпан күні Түркістан қаласында «Ата-ана, ұстаз, оқушы: болашаққа бағытталған ынтымақтастық» тақырыбында республикалық (аймақтық) форум болып өтті. Жаңадан пайдалануға берілген «Ақжайық» балалар саз мектебінің үлкен залында өткен аталмыш іс-шараға көршілес Қызылорда, Жамбыл облысының және Шымкент қаласының білім беру саласы қызметкерлері мен ата-аналары, қоғамдық ұйымдар, үкіметтік емес ұйымдар, сала ардагерлері мен қоғам белсенділері қатысты.
Форум басталардан алдын мектептің фойесінде Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұлт аспаптар оркестрі өнер көрсетсе, залда арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді.
Форум барысында ата-аналарды білім саласындағы озық трендтермен таныстыру, педагогикалық, психологиялық сауаттылығын арттыру және мектеп пен отбасының ынтымақтастығын арттыру бойынша баяндамалар мен тренингтер өткізілді.
Түркістан облысының Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Р.Жолаев форумды ашу барысында аталған іс-шараны ұйымдастырудың мәні мен мақсаттарына тоқталып өтсе, Қазақстандық салалық білім және ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіптік одағы Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Б.Еркінбек жаңадан қабылданған «Педагогтың мәртебесі туралы» Заңы мен онда қарастырылған негізгі мәселелерге тоқталып, форум қатысушыларына сәттілік тіледі. Форум барысында сондай-ақ, сала ардагері Н.Байғұтов, «Білім-Инновация» ХҚҚ президенті Д.Өте, «Әкелер мектебі» ережесінің авторы, Сайрам аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы А.Қабылбеков, «USTAZ» білім беру орталығының директоры Н.Иманғалиев т.б. тұлғалар өз ойларын ортаға салып, бала тәрбиесі бағытындағы тың бастамалар жөнінде түсіндірме берді. Форумға әр аймақтан қатысуға келген ата-аналар комитетінің төрағаларына Р.Жолаев пен Д.Өте жеткен жетістіктері үшін алғыс хаттар табыс етті. Форумның соңы пікір алысу мен жарыссөздерге ұласып, бүгінгі тақырыптың өзектілігі және әдіс-тәсілдермен бөлісудің пайдалы тұстары атап өтілді.
Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.