РЕФЕРЕНДУМ
Референдум – тарихи өзгерістер бастауы.
Республика бойынша өткізілетін референдум төңірегіндегі маңызды сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, қоғамдық ой-пікірді талқылау мақсатында Парламент Мәжілісінің депутаты, «QAZUNED» Білім және ғылымның салалық кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің төрағасы Берік Әбдіғалиұлы Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының активімен «Референдум-2022: Еліміздің тарихындағы рөлі мен маңызы» тақырыбында кездесу өткізді.
Алдағы 5 маусым күні жалпыхалықтық референдум өткізіліп, Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз пікірінде мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту дей келе, Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар еместігін айтқан. Алда болатын референдумның ең негізгі ой-түйінін осы сөзбен жеткізуге болады.
Президент өзінің туған халқына барынша мол бостандық беруді мақсат етіп отыр. Халық өз тағдырын өзі шешетіндей болуы үшін, мемлекеттің ісін барлық өлшем бойынша халықтың өзі айқындайтын жағдай жасау үшін референдум өткізгелі отыр. 1995 жылдан бері референдум өткізілген емес. Төрт рет конституция өзгерді, бірақ барлығы парламент арқылы шешіліп келген еді. Енді үлкен өзгерістер болуына байланысты референдум қажет. Өйткені конституцияның 33 бабына, яғни үштен бір бөлігіне өзгеріс енгізілмекші. Әсіресе, ең қағидатты мәселелер жер, оның қойнауы, оның қазыналары халықтың меншігі деген концептуалды тың тұжырым жасалып отыр. Басқа да үлкен мәселелер бар. Бастысы «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр. Президент өз қолынан өкілеттіктерінің біраз бөлігін парламентке беріп, парламенттің өкілеттігін кеңейткелі отыр.
Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы пайымды пікір, орамды ойларын ортаға салды. Мақсат – Конституциялық референдумның маңыздылығын түсіндіру. Депутат референдумның стратегиялық маңызына тоқталып өтті. Алдағы конституциялық референдум тұтас мемлекеттің болашағына әсер ететін, бұдан да жарқын келешектің іргетасын қалайтын аса маңызды күн екенін жеткізді. «Бүгін біз үкіметтік емес ұйымдармен бірігіп осындай кездесу ұйымдастырып отырмыз. Бұл іс-шараның да негізгі мақсаты – контитуциялық реформаны бұхара халыққа барынша сауатты түрде жеткізу деді ол өз сөзін қорытындылап.
Кездесу барысында Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Б.Еркінбек республикалық референдум өткізу тәртібі туралы баяндама жасап, Конституциясының референдумға қатысты баптарын таныстырды.
Жарыссөзге шыққан филиал төрағалары Ә.Тастанбеков, Д.Әбішев және А.Жолдасовтар орын алғалы отырған өзгерістердің өзектілігін айтып, өз пікірлерін білдірді.
Кездесуде сондай-ақ Салалық кәсіподақтың ұйымдастырушылық бағыты, саяси-стратегиялық бағыты мен қаржылық бағытындағы ұстанымдары, алға қойған мақсаты мен міндеттері, салаға қатысты нормативтік құқықтық актілерге сала қызметкерлерінің әлеуметтік-құқықтық мәселелерін қолдауға қатысты тың ұсыныстар айтылды.
Кездесудің соңында алдағы тарихи сәт – жалпыхалықтық референдумға біркісідей атсалысатын болып келісілді.
Салаға қатысты маңызды мәселелерді Үкіметке жолдау жөнінде шешім қабылданып, ол жазбаша түрде ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Б.Әбдіғалиұлына табыс етілді.
Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.