Сарыағаш ауданында білім саласы өкілдерімен кездесулер болып өтті!

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғ.Алматовтың бастамасымен және Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Б.Еркінбектің қолдауымен 2025 жылдың 27 ақпаны күні сала өкілдерімен кезекті кездесулер Сарыағаш ауданында өз жалғасын тапты. Кездесудің басы аудандағы үздік мектептердің бірі №27 Шәкәрім атындағы жалпы білім беретін мектебінің тыныс-тіршілігімен танысудан басталып, сала ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, ата-аналар, сала жанашырларының қатысуымен сұхбат дөңгелек үстел басында жалғасты. Бүгінгі таңда сала қызметкерлерінен жоғары тұрған органдарға жазатын арыздарының саны көбейгендігі, еңбек дауларының көбеюі, сондай-ақ сала қызметкерлерінің бір-бірімен соттасуының жиілеуі әңгімеге арқау болып, түрлі деңгейдегі даулардың алдын алу, болдырмау, даулы мәселелерді бірлесе отырып шешу жолдары талқыға түсті. Балаларға сапалы білім мен тәрбие беру, ол үшін ата-аналармен байланысты барынша жандандыру, орын алған дауларды ушықтырмай, дер кезінде жергілікті жерде билік өкілдері мен зиялы қауым өкілдерін қатыстыра отырып шешу жолдары көрсетілді.
Әрі қарай жоғарыда аталған мәселе ауданның білім беру ұйымдарындағы «Әдеп кеңесі» мүшелерімен, №1 М.Әуезов атындағы жалпы білім беретін мектебі ұжымымен, жас педагогтерімен, аудан педагогтерімен кездесулерде талқыға түссе, «AMANAT» партиясының Сарыағаш аудандық филиалымен бірлескен қоғамдық қабылдау болып, онда білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылдау бойынша ұсыныстар айтылды.
Кездесулер жоғары деңгейде өткізіліп, сала қызметкерлері өздерін толғандырып жүрген көптеген сұрақтарға жауап алды.
Түркістан облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.