Төлеби ауданында кездесулер болып өтті!

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғ.Алматовтың бастамасымен және Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының төрағасы Б.Еркінбектің қолдауымен 2025 жылғы наурыздың 12-сі күні Төлеби ауданында білім саласы өкілдерімен кездесулер болып өтті. Кездесудің басы аудандағы үздік мектептердің бірі «Шомшақты» жалпы білім беретін мектебінің тыныс-тіршілігімен танысудан басталып, сала ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, ата-аналар, сала жанашырларының қатысуымен сұхбат дөңгелек үстел басында жалғасты. Бүгінгі таңда сала қызметкерлерінен жоғары тұрған органдарға жазатын арыздарының саны көбейгендігі, еңбек дауларының көбеюі, сондай-ақ сала қызметкерлерінің бір-бірімен соттасуының жиілеуі әңгімеге арқау болып, түрлі деңгейдегі даулардың алдын алу, болдырмау, даулы мәселелерді бірлесе отырып шешу жолдары талқыға түсті. Балаларға сапалы білім мен тәрбие беру, ол үшін ата-аналармен байланысты барынша жандандыру, орын алған дауларды ушықтырмай, дер кезінде жергілікті жерде билік өкілдері мен зиялы қауым өкілдерін қатыстыра отырып шешу жолдары көрсетілді.
Әрі қарай жоғарыда аталған мәселе ауданның білім беру ұйымдарындағы «Әдеп кеңесі» мүшелерімен, жас педагогтермен, аудан педагогтерімен кездесулерде талқыға түссе, жеке қабылдау өткізіліп, онда білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылдау бойынша ұсыныстар айтылды.
Кездесулер жоғары деңгейде өткізіліп, сала қызметкерлері өздерін толғандырып жүрген көптеген сұрақтарға жауап алды.
Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.