Төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде атқарып отырған жұмыстары
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Түркістан облыстық ұйымының елімізде орын алып отырған төтенше жағдайға байланысты карантин кезінде атқарып отырған жұмыстары туралы.
Облыстық кәсіподақ комитеті мен аудандық, қалалық филиалдар тарапынан төтенше жағдай уақытында 267 адамға қайырымдылық көмек ретінде 17 214 500 теңге көлемінде қаржы бөлінді. Ол көп балалы, тұрмыс жағдайы төмен, ауырып ем қабылдаған жұмыскерлердің отбасына берілді. Оның ішінде төтенше жағдайдың кезінде аянбай еңбек етіп жүрген 25 медицина қызметкерлеріне санаторлық ем қабылдау үшін 3 500 000 теңгеге жолдама табыс етілді.
Жоғарыда бөлінген қаражаттан өзге жұмыскерлерге қорғаныш бетперде тігу үшін 800 000 теңге көлемінде қаржы бөлінген болса, кәсіподақ органының атынан 127 250 бетперде тегін таратылды.
Кәсіподақ мүшелеріне онлайн режимде 67, сондай-ақ телефон арқылы 214 құқықтық түсіндіру және көмек беру жұмыстары жүргізілді. Салалық кәсіподақ органының телеграмм-чатында барлық аудан, қалалардан көтерілген мәселелер кәсіподақтың тікелей ықпалымен өз шешімдерін табуда. Күні кеше берілген ақпаратқа сәйкес, Созақ ауданындағы Т.Әлімқұлов атындағы мектеп-лицейінде мұғалім Ж.Құтбергеноваға директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарының табелді дұрыс рәсімдемеуінің салдарынан апталық 3 сағат жүктемесінің ақысы бірнеше ай бойы төленбей келгені анықталып, кәсіподақ органының араласуының арқасында оның ақысы қайта есептеу жолымен төленетін болды.
Облыстық кәсіподақ комитетінің жазбаша ұсынысы негізінде Арыс қаласында жұмыстан негізсіз босатылған 6 жұмыскер өз жұмысына қайта алынса, Ордабасы ауданында 4 жұмыскер кәсіподақ органының қатысуымен келісім комиссиясының шешімі негізінде өзінің жұмысына қайта алынды.
Отырар ауданында 2 жұмыскерді жұмыстан заңсыз босату мәселесі бойынша берілген талап-арыз бойынша онлайн режимде сот процесі кәсіподақ өкілінің қатысуымен жүріп жатыр. Талап-арыздар толығымен қанағаттандырылады деп күтіліп отыр.
Мұғалімдердің шағымына сәйкес ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан берілген түсіндірме кәсіподақ органының наразылығы бойынша кері қайтарылып алынып, заң шеңберінде басқа түсіндірме берілді. Нәтижесінде 4003 мұғалімге біліктілік санаты бойынша берілетін қосымша ақыларды қайта ұстап қалудың алдын алуға қол жеткізілді.
Облыс аумағындағы білім беру ұйымдарының жұмыскерлеріне жалақы төлеу мен демалыс берудің тәртібі бақылауда тұр. Төтенше жағдай кезінде сала қызметкерлеріне жалақы төлеуді тұрақтандыру мәселесі бойынша аудан, қалаларда меморандумдар түзіліп, үш жақты әлеуметтік әріптестік туралы келісімдерге қосымша келісім жасау процесі жүріп жатыр.
Түркістан облыстық білім және ғылым қызметкерлері
кәсіптік одағының баспасөз қызметі