ФИНАЛ: INTELLECTUM DD2
Түркістан қаласы, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің базасында Облыстық «Intellectum DD2» Директорлар дебаты» турнирінің жылдық қорытындысы болып өтті. Турнирді Білім беруді дамыту орталығының директоры Төлімбет Бақытжан Нұрмаханбетұлы ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Дебат – бұл белгілі бір ережелерге сәйкес өткізілетін арнайы пікірталас нысаны, интеллектуалды ойын. Дебаттар логикалық және сыни ойлауды, коммуникативті мәдениетті және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытады, тәуелсіз шешім қабылдауға және қоғамның көшбасшысы ретінде жеке тұлғаның қалыптасуына ықпал етеді.
Мақсаты: Білім беру саласындағы, қоғамдағы өзекті мәселелерді талдау, шешу жолдарын қарастыру, мектеп директорларының сөйлеу және ораторлық мәдениетін дамыту және толеранттық тәртіппен азаматтық танымды дамыта отырып, қоғамдағы маңызды мәселелер аясында өз көзқарастары арқылы шешім қабылдау, құқықтық сауаттылықты мониторингтік зерттеулер негізінде пікірсайыс арқылы толығырақ насихаттау.
2023 жылы наурыз айында 17 команда 34 директор, сәуір айында 14 команда 28 директор, қазан айында 14 команда 28 директор, қараша айында 14 команда 28 директор қатысты. Дебат турнирі Американдық парламенттік форматына сәйкес өткізіліп келді.
Жоспар бойынша 4 фракция жарысқа түсу керек болатын, Түркістан фракциясының қатыспауына байланысты жоспардан тыс “Үш би” форматында ұйымдастырылды. Яғни қазақтың үш биінің атауымен Төле би (Жетісайауданы), Қазыбек би (Түркістанқаласы), Әйтеке би (Ордабасы ауданы) фракциялары жарыссөзге түсті.
Турнирдің ақтық кезеңінде Мауленова Гүлажар Бекжігітқызы – А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің студенті, Пікірсайыс орталығының бас төрешісі, Махашев Ержан Мұхтарұлы – Түлкібас ауданы, Т.Рысқұлов атындағы ЖОМ директоры, Дәне Мұрат – “Сарыағаш ауданының 4 мамандандырылған мектеп-интернаты директоры, Амин Зумрат Сатыбалдықызы – Кентау қаласы Махмуд Қашғари атындағы мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәні мұғалімі, “Саналы ұрпақ” дебат клубының жетекшісі, Ақбердиев Ғабит Кеңесұлы – Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының бөлім басшысы, заңгері төрелік жасады.
Әділқазылардың шешімі бойынша Төле би фракциясы (Жетісай ауданы) І орын, Әйтеке би (Ордабасы ауданы) ІІ орын, Қазыбек би (Түркістан қаласы) ІІІ орынға ие болды.
Жеңімпаздарды құттықтаймыз! Алар асуларыңыз биік болсын!
Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.