Қош келдің жаңа жыл-жаңа белес, жаңа арман!
Жаңа жыл – өткен жылға баға беріп, жаңа бастамалар мен ізденістерге тың қадам жасайтын мереке. Барша адамзат бұл күні өткенді ой елегінен өткізіп, саралап, жаңа жылға таза ниетпен, болашаққа деген мол сеніммен аттауды қалайды. Осы орайда, желтоқсан айының 29-ы күні Түркістан қаласындағы Оқушылар сарайында Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімі мен Сауран ауданы кәсіподақ комитетімен бірлесе ұйымдастыруымен “Қош келдің жаңа жыл-жаңа белес, жаңа арман” атты іс-шарасы өткізілді.
Сауран ауданы әкімі Ғалымжан Қарабайұлы қатысуымен дәстүрге айналған думанды мерекеде Аяз ата мен Ақшақардың, ертегі кейіпкерлерінің қойылымдарын тамашалады. Театрландырылған қойылым бүлдіршіндерге ертегі әлеміне енгендей әсер қалдырды.
Аудан әкімі өз сөзінде, «Жаңа жыл – жаңа күн, жаңа өмір бастауы саналатын, өткенге салауат айтып, ертеңге тілек тілейтін жарқын мерекенің бірі. Сондықтан да, Жаңа жылға әр адам үкілі үмітпен, ізгі ниетпен және ақ тілекпен қадам басады. «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» демекші тарих қойнауына енгелі тұрған 2022 жыл тұтас ел үшін, соның ішінде, Сауран халқы үшін берекелі, жетістікке толы жыл болды. Енді есігімізден еніп, төрімізге озғалы отырған, Қоян жылында елімізде тыныштық, молшылық болсын!»-деп, әрбір шаңыраққа амандық, құт-береке тіледі.
Мерекелік тарту ретінде оқушыларға Сауран ауданы кәсіподақ комитеті Фатима Рысбекаова балаларға жаңа жылдық сыйлықтарға демеушілік жасап, түрлі тәттілер үлестіріп берді.
Балғындар салтанатты шарада ертегілер еліне саяхат жасап, әннен шашу шашты. Шыршаны шеңбер бойымен билеген оқушылар көтеріңкі көңіл-күйде тарқасты.
Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.