Құрметті Қазақ елі! (отандастар)
Өздеріңізге мәлім, биылғы жылы су тасқыны салдарынан еліміздің бірнеше облыстарында табиғат сипатындағы апат орын алды Халық үлкен әбігерге салынып, үй-жайынан, мал-мүлік, дүниесінен айырылып, қиын жағдайға қалып отыр. Үкімет пен Төтенше жағдайлар министрлігі және басқа да министрліктер тарапынан су басқан елді мекендерден халықты қауіпсіз жерлерге, эвакуациялық пункттерге көшіру, құтқару жұмыстары қарқынды жүргізіліп, тиісті техникалар мен құтқарушылар және адамдар ресурстары жұмылдырылып жатыр.
Елдегі апатқа байланысты мемлекет басшысы Қ-Ж. Тоқаев еліміз халқына үндеу жасады. Президент соңғы 80 жылда болмаған апатпен арпалысып жатқанымызды айтты. Қазір он аймақта төтенше жағдай жарияланған. Үкімет тарапынан шығынды өтеу жұмыстары қарастырылып, «Қазақстан халқына» қорынан 5 млрд теңге бөлінетінін айтты. Бұдан бөлек, елге көмектесу үшін Қ-Ж. Тоқаев Үкіметке мемлекеттік материалдық резервті пайдалануды тапсырды.
Елдегі ахуал, құтқару жұмыстары Президенттің тікелей бақылауында. Сондай-ақ, мемлекет басшысы топан судан зардап шеккен халықтың шығынын уақтылы өтеп, алдағы кезде болуы мүмкін апаттардың алдын алуды тапсырды. Осыған орай қазіргі таңда басқа өңірлерде су тасқынының алдын алу шаралары қарқынды жүріп жатыр.
Осындай қиын сәтте еліміз халқы бірлігі мен ынтымағын таныта білді. Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек елдің түкпір-түкіпірнен, көршілес мемлекеттерден келуде. Халыққа көмек қолын созу мақсатында жиналған волонтерлер тобы құрылып, тынымсыз еңбек етуде. Оның ішінде, ҚР Оқу ағарту министрілігінің мәліметі бойынша, білім беру саласының 20 мыңға жуық қызметкері волонтер ретінде су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысып, 10 мыңнан астамы эвакуациялық пункттерде жұмыс істеп жатыр. Ондағы балаларға және зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету мақсатында 300-ден астам мектеп психологы еңбек етуде. Сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы балаларды еліміздің үздік жазғы сауықтыру орталықтарына жіберу тапсырылды. Осындай сын жағдайда, «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің облыстық комитеті және барлық аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттері, кәсіподақ активі су тасқынынан зардап шеккен адамдарға қолдан келгенінше көмектесу мақсатында қаржы жинақталып, «Өрлеу» білім және ғылым қызметкерлерінің Салалық кәсіптік одағы» арқылы тиісті қорға аударылды.
Елдің елдігі осындай сын сағатта көрінеді. Ең бастысы – халқымыздың амандығы мен бірлігі.
Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.