Құрметті ұстаздар!

Құрметті ұстаздар!

«Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ атынан Сіздерді Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұстаз – келер күннің ұстасы. Балалардың қалыптасып келе жатқан дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының иесі. Біздердің бүгінгі болмысымыз әліппені жаттатқызып, қолға қалам ұстатқан кешегі ұстаздарымыздың еңбегі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж. Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Сапалы орта білім алу – әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз – «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет», – деп білім саласын дамытуға, оқыту сапасын арттыруға ерекше назар аударып, тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты. Бұл Президенттің білім саласына және оның қызметкерлеріне деген жанашырлығы.

Бүгінгі таңда «Педагог мәртебесі туралы» Заңы аясында мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеру, оқыту мен тәрбие жұмысын жетілдіре түсуіне жағдай жасау және өзге де мәселелерді заң шеңберінде шешу жөнінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.

Бүгінгі таңда облыстық кәсіподақ комитеті білім саласы қызметкерлеріне тиісті еңбек жағдайын жасауға, әлеуметтік және құқықтық жағынан қорғаудың қажетті деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді.

Ұрпақ тәрбиесі – ұстазға байланысты. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” дегендей өнегелі ұстаздан жақсы шәкірт шығатыны сөзсіз. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде.

Қоғам алдындағы өлшеусіз еңбектеріңіз бен абыройлы істеріңізге толымды табыс тілейміз! Қызығы мен қиыншылығы қатар жүретін ұстаздық жолдарыңыз тек өрлеу мен өсуге бағытталсын.

Құрметті ұстаздар мен білім саласының ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Денсаулықтарыңыз мықты, отбасы мүшелеріңіз аман, мәртебелеріңіз биік, еңбек еткен ұстаздық жылдарыңыз жемісті болсын.

Ізгі тілекпен,

облыстық кәсіподақ

комитетінің төрағасы Б.Еркінбек

Құрметті ұстаздар! Құрметті ұстаздар!