Құрметті ұстаздар!

Құрметті ұстаздар!

«Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ атынан Сіздерді 5 қазан – Мұғалімдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Ұстаз – қоғамның алтын діңгегі, адамзаттың шамшырағы. Балалардың қалыптасып келе жатқан дүниетанымының, өмірге деген көзқарасының иесі. Біздердің бүгінгі рухани қазынамыз әліппені жаттатқызып, қолға қалам ұстатқан кешегі ұстаздарымыздың еңбегі. Ендеше, ұрпағымыздың ертең қандай адам болып өсетіні – мұғалімдердің бүгінгі еңбегінің жемісі болмақ.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж. Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және әлеуметтік мәртебесін көтеруге көңіл бөлген абзал. Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады.», – деп білім саласын дамытуға, оқыту сапасын арттыруға ерекше назар аударды. Бұл Президенттің білім саласына және оның қызметкерлеріне деген жанашырлығы.

Бүгінгі таңда «Педагог мәртебесі туралы» Заңы аясында мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеру, оқыту мен тәрбие жұмысын жетілдіре түсуіне жағдай жасау және өзге де мәселелерді заң шеңберінде шешу жөнінде көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.

Облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитеті әлеуметтік әріптестер ретінде білім саласы қызметкерлеріне тиісті еңбек жағдайын жасауға, әлеуметтік және құқықтық жағынан қорғаудың қажетті деңгейін қамтамасыз етуге, әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған шараларды бірлесе атқарып, тиісті жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамытуға, әлеуметтік жағынан қорғауды арттыруға ықпал етері сөзсіз.

Қоғамның әрбір жаңалығын жылы қабылдап шәкірттердің бойына жеткізе білумен қатар, бойындағы бар жинап-терген білімін оқушылардың санасына сапалы етіп сіңіре білуді, балалардың білімді, парасатты болып шығуын мақсат еткен – ол әрине, ұстаз. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Білім көшін жылжытып келе жатқан ұстаздар қауымына құрмет арта бермек! Ертеңгі мемлекеттің болмысы – ұстаздың бүгінгі тәлімінде.

Құрметті ұстаздар мен білім саласының ардагерлері!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Денсаулықтарыңыз мықты, отбасы мүшелеріңіз аман, мәртебелеріңіз биік, еңбек еткен ұстаздық жылдарыңыз жемісті болсын. Қоғам алдындағы өлшеусіз еңбектеріңіз бен абыройлы істеріңізге толымды табыс тілеймін!

Ізгі тілекпен:

Облыстық кәсіподақ

комитетінің төрағасы Б.Еркінбек