«Ұлт болашағының бастауы – мектеп, арқауы кәсіподақ» атты кітаптын тұсау кесері
Осы жылғы 23 маусым күні Сарыағаш қаласында ауданның адами әлеуетті дамыту бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жарық көрген «Ұлт болашағының бастауы – мектеп, арқауы кәсіподақ» атты Сарыағаш ауданының кіші педагогикалық энциклопедияның тұсаукесері өтті.
Атаулы іс шараға ауданның білім беру саласының ардагерлері Сайлаубай Мырзабаев, Рахым Оспанов бастаған алқалы топ арнайы қатысып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ауданымыздың білім беру саласын толық қамтыған педагогикалық кіші энциклопедияның тұсауын кесіп, тарихи-танымдық жинақты қалың оқырман қауымға ұсынды. Мерекелік іс шараны ардагер ұстаз Қазақстан Республикасы Педагогика академиясының профессоры, Өмірәлі Керімбек жүргізіп отырды.
«Ұлт болашағының бастауы – мектеп, арқауы кәсіподақ» атты кіші педагогикалық энциклопедияның тұсау кесеріне ардагер педагогтар, ауданның зиялы қауым өкілдері қатысып, ойларын ортаға салды. Аталған тарихи-танымдық жинақтың жарық көруіне қолдау көрсеткен аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Әкімбай Тастанбековке қалың елдің алғысын жеткізді.
Тұсаукесерге «Сарыағаш» қоғамдық–саяси газетінің редакторы М.Бекей, аудандық «Сәтті» әлеуметтік-экономикалық ақпараттық апталығының редакторы Ж. Есенбеков қатыстып, тарихи-танымдық, кіші педагогикалық энциклопедияның жарық көруі аудан тарихында елеулі оқиға болғанын атап өтті және жинаққа сәтті сапар тіледі.
Тарихи-танымдық, кіші педагогикалық энциклопедияның жинақтаушы редакторы Асылбек Ақбергенов бұл педагогикалық кіші энциклопедияның шығармашылық топтың ғана емес, жүздеген педагогтардың жылға жуық еткен ерен еңбегінің жемісі екенін атап өтті және әріптестеріне алғысын білдірді.
Іс шара соңында барлық қатысушыларға «Ұлт болашағының бастауы – мектеп, арқауы кәсіподақ» атты Сарыағаш ауданының кіші педагогикалық энциклопедиясы сыйға тартылды.