«Ұлт болашағы мектеп, арқауы – кәсіподақ» кітабының тұсау кесері
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай дайындалған «Ұлт болашағы мектеп, арқауы – кәсіподақ» кітабының тұсау кесері
17 маусым күні өткен атқару комитетінің кеңейтілген мәжілісі алдында Сарыағаш аудандық кәсіподақ комитеті мен аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай аудан білім беру ұйымдарының тарихы, тәуелсіздік жылдарындағы олардың дамуы мен өркендеуі, озат және алдыңғы қатарлы педагогтар туралы тарихи-танымдық кіші энциклопедия кітабының тұсау кесері өткізілді.
Тұсау кесерді облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек ашып, сөзінде Сарыағаш аудандық кәсіподақ комитеті мен адами әлеуетті дамыту бөлімінің еліміз Тәуелсіздігінің айтулы мерекесін лайықты атап өту мақсатындағы аудан білім саласы ұйымдары мен ұжымдарының тәуелсіздік жылдарындағы өркендеуі мен жетістіктері, озат және алдыңғы қатарлы мұғалімдер, кәсіподақ ұйымдарының жұмысы жайлы кітап шығару туралы ойы кәсіподақ активі мен білім саласы қызметкерлерінің мемлекетіміз мерекесіне деген сыйы, отаншылдық сезімдерінің белгісі екендігін атап көрсетті.
Аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ә.Тастанбеков және кітапты дайындау жұмысына редакторлық қызмет атқарған А.Ақбергенов кітап шығарудың мақсаты мен атқарылған жұмыстар, кітап шығаруға қатысқан мұғалімдер мен кәсіподақ активі, материал жинақтауға көмек берген еңбек ардагерлері және кітаптың мазмұны туралы жан-жақты мағлұмат жасады, сұрақтарға жауап берді.
Ә.Тастанбеков кітаптың бір-бір данасын Б.Еркінбекке, аудандық және қалалық кәсіподақ комитеттері бойынша әріптестеріне сыйға таратты. Кітап жайлы пікір және лебіздерін білдіргендер: Арыс қалалық, Отырар, Жетісай аудандық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары Ж.Мухаев, Е.Қасым, А.Ниязбеков.
Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.