ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ ОРТАЛЫҒЫНДА КЕЗДЕСУ
САУРАН АУДАНДЫҚ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЖЕРГІЛІКТІ КӘСІПОДАҚ КОМИТЕТІ БАСТАУЫШ КӘСІПОДАҚ ТӨРАҒАЛАРЫМЕН “ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІ” ОРТАЛЫҒЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ
Түркістан қаласында 7 сәуір күні Сауран аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ комитеті бастауыш кәсіподақ төрағаларымен кездесу өткізді. Қызметкерлердің құқықтарын қорғау бастауыш ұйымнан басталатынын нақтылайтын бұл кездесу қазірет қонған қасиетті Түркістан қаласында бой көтерген «Ұлы Дала Елі» орталығында болды.
Қазақ Хандығының құрылғанынан бастап, жаңа дәуір дамуына дейінгі әртүрлі тақырыпты ашатын 9 тарихи – заманауи залдан тұратын орталықты арнайы қызметкерлер таныстырып, қонақтарға түркілердің шығу тарихы, адамзат өркениетін дамытудағы рөлі туралы проекциялық шоу көрсетті.
Жалпы кездесу барысында Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Рысбекова Фатима кәсіподақ жұмысындағы негізгі мәселе еңбек адамының құқығын қорғау екенін назарға ала отырып, мұндай кездесулер еңбек ұжымдарында өзекті мәселелерді анықтап, шешімін табуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Сонымен қатар мекеме мен жұмыскерлер арасындағы еңбек құқықтары мүдделерін қорғау, олардың әлеуметтік мәселелерін талқылайтын бірден-бір келісім түрі ұжымдық шарт болғандықтан, басты мәселе ретінде осы ұжымдық шарттың бағыт-бағдары талқыланды.
Кезекті өзекті мәселе ретінде бастауыш кәсіподақ ұйымдарында істер номенклатурасы құжаттары тізіліп тұруына, статистикалық есептің уақытылы толтырылуына мән беру керектігіне тоқталды. Барынша ауқымды тақырыптар талқыланған бұл кездесуде Бабайқорған ЖОМ-нан Анарбаев Дүйсенбай, Қаражон ЖОМ-нан Аяпов Кендебай, Қарашық ЖОМ-нан Каюмов Жанбаба, Сауран ЖОМ-нан Алибеков Айбек, Молда Мұса атындағы ЖОМ-нан Айтметов Маматраим, Т.Айтжанов атындағы ЖОМ-нан Абуталипов Хурият сөз алып, маңызды тақырыптар төңірегіндегі сұрақтарына жауап алды.
Сонымен қатар Рысбекова Фатима өз сөзінде 28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша іс-шаралар өткізу қажет екенін жеткізді.
Кездесу соңы марапаттау миссиясымен жалғасты. Көп жылдық еселі еңбегі мен кәсіподақ қозғалысына қосқан үлесі үшін арнайы марапаттауды табыстады.
Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.