ҰСТАЗДАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұстаз деген – қасиетті мамандық. Біз ұстазды құрмет тұтқан елміз. Қоғамда мұғалімнің мәртебесін одан әрі биіктетеміз» деген болатын.
Аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында 5 қазан – Мұғалімдер күні құрметіне арналған «Ұстазым – ұлағатым, үлгі өнегем!» тақырыбында салтанатты жиын болып өтті. Жиынға Созақ ауданының әкімі М.Тұрысбеков, аудандық мәслихаттың төрағасы О.Жәмиев, Созақ ауданының білім бөлімінің басшысы Н.Айдаров, Білім және ғылым қызметкерлері Созақ аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы М.Қасым, мектеп және балабақша басшылары, мұғалімдер, ардагер ұстаздар және БАҚ өкілдері қатысты.
Созақ ауданының әкімі М.Тұрысбеков ұстаздарды мерекемен құттықтады. Бүгінгі таңда зейнеткерлік демалыста отырған ардагер ұстаздарды ерекше құттықтап, саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ардагер ұстаздарға гүл шоқтары мен арнайы сыйлықтар тапсырылды. Білім саласының озық қызметкерлерін аудан әкімінің алғыс хатымен марапаттады. Аудандық мәслихаттың төрағасы О.Жәмиев ұстаздар күніне арналған жүрекжарды лебізін білдіріп, шығармашылығымен көзге түскен ұстаздарды марапаттады.
Созақ ауданының білім бөлімінің басшысы Н.Айдаров шәкірттері биік белестерді бағындырып жүрген шығармашыл ұстаздарды марапаттады.
Шара барысында бірқатар мұғалімдер мен ардагер ұстаздарға кәсіподақ комитетінің атынан сый-сияпаттар жасалды.
Салтанатты жиын соңы «Ұстазым» әнімен қорытындыланды.
Жанары ізгілікке, жүрегі қадір-қасиетке толы, жаны жайсаң қымбатты ұстаздарымызды төл мерекесімен құттықтаймыз!
Созақ аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.