Әдістемелік оқыту семинары

Ордабасы аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің «Бастауыш кәсіподақ ұйымы туралы» ережесіне сәйкес бастауыш кәсіподақ ұйымы қызметінің мәні, принциптері, мақсаты мен міндеттерін тиімді ұйымдастыру мақсатында 2023 жылғы 11-мамыр күні Ордабасы аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мәжіліс залында «Бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмысының негізгі бағыттары» тақырыбында жаңадан сайланған және жаңадан құрылған мекемелердің бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағаларына әдістемелік оқыту семинары өткізілді.

Семинарды кәсіподақ комитетінің төрағасы Қ.Тулебаев ашып, күн тәртібімен таныстырды.

Комитет маманы Э.Алтынбекова мекемеде бастауыш кәсіподақ ұйымын құру және жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы ұжымдық шарт жасау тәртібімен таныстырды. Сонымен қатар, жылдық жұмыс жоспарының жобасымен, істер номенклатурасы бойынша құжаттарды жинақтап жүйелі жүргізу барысын және кәсіподақ мүшелігіне қабылданған жұмыскерлерге кәсіподақ билетін толтырып журналға тіркеу оны салтанатты түрде табыстауды ұйымдастыру туралы әдістемелік көмек берді. «Кәсіподақ бұрышын» ұйымдастыру, мүмкіндік болса жеке кабинет жасақталып, кәсіподақ мүшелерінің мұң-мұқтажын тыңдап жұмыс жасауды ескертті.

Семинардың қайтымды сәтінде жаңадан сайланған төрағалардан кәсіподақ қозғалысы туралы тест алынып, бүгінгі семинар бойынша алған әсерлері және де алдағы уақытта қандай мәселелер бойынша әдістемелік көмек берілгенін қалайтындығы туралы жазбаша ұсыныстары алынды.

Комитет төрағасы Қ.Тулебаев семинарды қорытындылап, бастауыш кәсіподақ ұйымы өзінің қызметін ҚР-ның «Кәсіптік одақтар туралы» Заңы, қолданыстағы заңнамалар, облыстық кәсіподақ ұйымының Жарғысы және Ережесі негізінде жүргізетіндігін, ұжымда әлеуметтік-әріптестік қатынаста жұмыс жасауды жүзеге асыруды атап өтті.

Семинарға қатысушылардың сұрақтарына нақты жауаптар берілді.

Ордабасы аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Әдістемелік оқыту семинары Әдістемелік оқыту семинары Әдістемелік оқыту семинары