ӨНЕРДІҢ ҚОС САРДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ
ӨНЕРДІҢ ҚОС САРДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгінде ел болашағы жастардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуында мектеп табалдырығының, ұстаздар қауымының алар орыны ерекше. Оларға мектеп қабырғасында тек білім ғана беріп қоймай, адами қасиеттерді бойларына мықтап сіңіру де басты назарда. Ал, адамзаттың барлық жақсы қасиеттерін жас ұрпақтар бойына сіңіруде, олардың қоғамдық көзқарастарының дұрыс қалыптасуында эстетикалық тәрбиенің маңызы аса зор.
Эстетикалық тәрбиенің ең басты салаларының бірі – музыка, өнер. Жас ұрпақтарға эстетикалық тәрбие беріп, жеке тұлғаның ақыл-ойы мен дене бітімін жетілдіруде, біліктілігі мен ойлау қабілетін дамытуда, оқушыларды халықтық музыка мен ұлттық өнерге баулуда өзінің елеулі үлесін қосып келе жатқан қарашаңырақ білім ұяларының бірі – Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің «М.Шоқай» атындағы жалпы орта мектебі.
Бүгін, яғни, 4 қараша күні Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «М.Шоқай» атындағы жалпы орта мектебінде «Мырзашөл тұлғалары» атты жас ұрпақтың руханиятқа бет бұруына ықпал ететін ғибратты кездесу болып өтті. Кездесуге дәулеткер күйші, сазгер, «Сырдария» университетінің құрметті профессоры, маестро Бөрі Иса мен айтыскер және жазба ақын, бірнеше әндердің авторы, сазгер Мұқтар Құралов арнайы шақырылды. Әдеби-сазды кеште бір тума өнер иелерінің өмір белестері мен еңбек жолдары өнерге қанат қаққан жас жеткіншектерге таныстырылып, Мырзашөл өлкесінің мәдениеті мен өнері туралы естеліктері, толғаныстары кеңінен сөз болды.
Аталмыш мектептің ән-саз пәнінің мұғалімі Гүлмира Айдарованың жетекшілігімен құрылған «Асыл мұра» домбырашылар ансамблі ұлттық өнердің қос сардарының шығармаларын орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Іс-шараға жиналған ата-аналар мен ұстаздар ұрпақтар сабақтастығының әсерлі керінісіне куә болды.
Кездесу соңында Жетісай ауданы білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің қызметкері С.Бейсенов пен аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Б.Кеттебеков ардагерлерге сый-сияпат жасап, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.