Біз туралы

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» Қоғамдық бірлестігі (қысқаша аталуы – Түркістан облыстық кәсіподақ комитеті).

 

Облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Еркінбек Бақыт Сейітжаппарұлы

 

Облыстық кәсіподақ ұйымы қызметінің мазмұны – ҚР заңнамаларында белгіленген тәртіпте, кәсіподақ мүшелерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау және өкілдік ету.

Облыстық кәсіподақ ұйымы заңды тұлға болып табылады және өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы, ҚР «Кәсіптік одақтар туралы», «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Заңдары, қолданыстағы заңнамалар, Қазақстандық Салалық кәсіподақтың Жарғысы және өз Жарғысы негізінде жүзеге асырады.

Облыстық кәсіподақ ұйымы өз қызметінде барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардан, саяси партиялардан, жұмыс берушілер және олардың бірлестіктерінен тәуелсіз болады, оларға есеп бермейді және бақылауында болмайды. Облыстық кәсіподақ ұйымы олармен қарым-қатынасын, келісімдер мен ұжымдық шарттар негізінде және өз мүшелерінің мүдделері мақсатында теңдік, әлеуметтік әріптестік пен өзара келісім және ынтымақтастық негізінде құрады.

Облыстық кәсіподақ ұйымының құрылымы: 18 филиал және 1127  бастауыш кәсіподақ ұйымы. Олардың құрамында 115 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі бар.

2018 жылғы желтоқсан айында аудандық, қалалық кәсіподақ ұйымдарының есеп беру –сайлау конференциялары, 2017 жылғы 17 қаңтар күні облыстық кәсіподақ ұйымының есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Конференцияларда облыстық, аудандық және қалалық кәсіподақ комитеттерінің, тексеру комиссияларының есептері тыңдалды, облыстық, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, кәсіподақ комитеттерінің және тексеру комиссияларының құрамы  сайланды.

31 қаңтар күні облыцстық кәсіподақ комитеті «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасы бойынша «Оңтүстік Қазақстан» газетінің баспасөз орталығында «Дөңгелек үстел» өткізді.

Білім беру саласы қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешуде облыстық, аудандық және қалалық кәсіподақ комитеттері жергілікті өкілетті және атқарушы билік органдарымен әлеуметтік әріптестік пен өзара ынтымақтастықты арттыра отырып, нәтижелерге жетіп келеді. ҚР Еңбек кодексі, «Білім туралы» Заңына сәйкес педагог кадрлары ақысыз дәрігерлік тексеруден өтеді, коммуналдық қызмет шығындары үшін өтемақы алады, зиянды жұмыс істегендерге қосымша ақы төленеді. Білім саласында жұмыс істейтін 43 қызметкер, соның ішінде 3 аудандық, қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы  аудандық, қалалық мәслихаттар депутаттары, 10 аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары Қоғамдық кеңестер құрамына мүше.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, «Кәсіптік одақтар туралы» Заңы негізінде, әлеуметтік әріптестікті дамыту, ұжымдағы еңбек қатынастарын, еңбек ақы мәселесін дер кезінде реттеп отыру, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбек етушілердің құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында, Түркістан облыстық білім басқармасы, «Атамекен» ҰКП Түркістан облысының кәсіпкерлер палатасы және Түркістан облыстық кәсіподақ комитеті арасында 2019-2021 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі салалық  үш жақты келісім түзіліп, жұмыс атқарылуда. Аудандық және қалалық келісімдер мен білім беру ұйымдарындағы ұжымдық шарттарды дайындау алдында  кәсіподақ активімен кеңес өткізіліп, олардың жобалары талқыланып, қосымшалар енгізіліп мақұлданды. Аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттері, кәсіпкерлер палаталары мен жергілікті білім органдары арасында әлеуметтік әріптестік жөнінде 16 келісім,  білім беру ұйымдары мен мекемелерде  1100-ден астам ұжымдық шарт түзілген.

Облыстық кәсіподақ комитеті өз қызметінің басты бағыттарының бірі ретінде кәсіподақ ативін оқытуға, кәсіподақ оқуының сапасын арттыруға көңіл бөліп отырады. Кәсіподақ қызметкерлері мен активін оқыту үшін 5 оқу-әдістемелік кабинеті жұмыс атқарады. Олар — облыстық кәсіподақ комитетінің, Сарыағаш, Мақтарал, Ордабасы аудандық, Түркістан қалалық кәсіподақ комитеттерінің оқу-әдістемелік кабинеттері. Әдістемелік кабинеттер қазіргі заманғы компьютерлік техникамен, құралдармен жабдықталған, мезгіл сайын жаңаланып тұратын насихаттау құжаттары, стендтер жасалған, бастауыш кәсіподақ ұйымдары жетекшілеріне  қажетті барлық материалдар бар, нормативтік-құқықтық құжаттар жинақталған. 2018-2019 жылдары 3500-ден аса кәсіподақ активі оқытылды. Кәсіподақ ұйымдарына практикалық жұмыста пайдалануы үшін, 2018-2019 жылдары 5 әдістемелік ұсыныстар, нұсқаулықтар дайындалып, бастауыш кәсіподақ ұйымдарына таратылды. Жергілікті жерлерде кәсіподақ және еңбек заңнамаларын түсіндіру және оқып-үйрену жөнінде жұмыстар атқарылуда.

Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі ережелерінің сақталуына қоғамдық бақылау жасау кәсіподақ ұйымдары қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Облыстық кәсіподақ комитеті «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі. Баптар бойынша практикалық түсіндірме» кітабының 120 данасын алдырып, облыс кәсіподақ активіне таратылды.

Облыстық кәсіподақ комитетінің іс-шараларына сәйкес, Ордабасы, Сарыағаш, Отырар аудандық, Түркістан және Кентау қалалық кәсіподақ комитеттері еңбек даулары мен әлеуметтік шиеленістерді алдын-алу, жұмыскерлерге қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау жөнінде жұмыстар жүргізуде. Түлкібас, Төлеби, Жетісай аудандық кәсіподақ комитеттері  еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бойынша аудандық оқыту семинарын  ұйымдастырды. Жетісай ауданы М.Шоқай атындағы № 26 ЖОМ еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторы Ш.Мусурманов «Еңбекті қорғау жөніндегі үздік техникалық инспектор» Республикалық байқауында 2 орынға ие болды.

Кәсіподақ органдары кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау жұмысын үнемі бақылауда ұстап отырады. Облыстық, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттері қызметкерлерінің араласуымен  2018-2019 жылдары 11 жұмыстан заңсыз босатылған  еңбеккерлер жұмысқа қайта қабылданды,  бала күтіміне байланысты демалыстан кейін жұмысқа жіберілмеген 12 мұғалима бұрынғы жұмысын алды, сағат жүктемесіне наразылық туралы 47 адамның өтініші оң шешілді,  9 адамға жұмыс беруші тарапынан қысым жасау  деректері тоқтатылды және т.б.  2018-2019 жылдары кәсіподақ мүшелерінің құқықтарын қорғау мәселесімен облыстық кәсіподақ комитетінің қызметкерлері 2 сот отырыстарына қатысты. Олардың екеуінде де кәсіподақ мүшелері үшін оң шешім қабылданды.   Кентау қалалық кәсіподақ комитеті 2018 жылы біліктілігін арттыру курстарына барған 204 мұғалімге 5 млн. теңгеден аса төленбеген іссапар шығындарын, 2019 жылы 8 мұғалімге 342 мың теңге  төленбеген іссапар шығындарын, 20 мыңнан аса теңге қосымша сабақ бергені үшін еңбек ақысын алуына қол жеткізді.

Облыстық, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттері облыс, аудан, қала деңгейіндегі түрлі іс-шараларға және   Наурыз, Жеңіс күні, кәсіподақтар күні, Еңбек күні, мұғалімдер күні және басқа да мерекелерге белсенді қатысады. Биылғы жылғы 7,8 наурыз күндері «Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай, Сарыағаш аудандық кәсіподақ комитеті «Ана өмір шуағы» тақырыбында Алтын, Күміс  алқа иегерлері аналарға арнап салтанатты іс-шара өткізді, оларға марапаттар тапсырды. Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ә.Бектаев, аудан әкімі Қ.Әбдуәлиев, облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек қатысты. Ордабасы аудандық кәсіподақ комитеті 74 Батыр анаға, Кентау қалалық кәсіподақ комитеті 18 Алтын алқа, 118 Күміс алқа алған білім саласы қызметкерлеріне көтермелеу жасап, сыйлықтар тапсырды.Түркістан қалалық кәсіподақ комитеті білім саласында жұмыс істейтін 202 батыр анаға арнап салтанатты іс-шара ұйымдастырып, сыйлықтар мен марапаттар табысталып, қошемет көрсетті. Отырар аудандық кәсіподақ комитеті 2018-2019 оқу жылында зейнеткерлікке шыққан ұстаздарды құрметтеу іс-шарасын өткізді. Аудан әкімі Е.Айтаханов кәсіподақ комитеті дайындаған алғыс хаттар мен сыйлықтарды тапсырды, салтанат өткен мәдениет үйінде зейнеткерлікке шыққан ұстаздар туралы көрме ұйымдастырылды. Осы сияқты іс-шараларды  барлық аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттері де ұйымдастырды.

Кәсіподақ комитеттері білім ұйымдарымен бірлесе «Үлгілі ұстаз», «Үлгілі тәрбиеші», «Үлгілі класс жетекші» сияқты байқаулар мен түрлі спорт жарыстарын ұйымдастырады, жеңімпаздарды марапаттау жасайды. Аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің ұйымдастыруымен, мұғалімдер арасында  спорт түрлері бойынша  спартакиадалар дәстүрлі түрде өткізіледі.

«2019 жыл Жастар жылы» болып жариялануына байланысты, облыстық кәсіподақ комитетінің іс-шараларына сай, 2019 жылғы 26 сәуір күні волейбол және кіші футболдан  облыстық спартакиадаға барлық аудандар мен қалалар командалары келіп, 400-ден астам адам  қатысты.

Жастар жылына байланысты  «Үздік жас кәсіподақ жетекшісі», «Үздік жас мұғалім -2019», «Үздік студенттік кәсіподақ ұйымы», «Үздік студенттер жатақханасы» байқауларын өткізу мақсатында облыстық білім басқармасы, облыстық әдістемелік орталық және облыстық кәсіподақ комитеті бірлесіп олардың  ережелері дайындалып, барлық білім беру ұйымдарына жіберілді. Байқаулар бойынша жұмыстар жүргізілуде, қорытындылары қазан, қараша айларында шығарылады.

Кәсіподақ ұйымдары көп балалы, күн көріс деңгейі төмен отбасыларға, балалар үйлеріне демеушілік жасайды, материалдық көмек көрсетіп отырады.

Жыл сайын шипажайларда 4 мыңға жуық кәсіподақ мүшесі, 1200-ден аса білім саласы қызметкерлерінің балалары мен жасөспірімдер сауықтырылады. Кәсіподақтар қаржысы есебінен 5459 кәсіподақ мүшесі «ЭКСПО – 2017» көрмесін тамашалап қайтты.

Кәсіподақ мүшелерін моралдық көтермелеу: 2018-2019 жылдары ҚР кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін»  белгісімен — 4, Құрмет грамотасымен — 6, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының «Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін»  белгісімен  — 6, Құрмет грамотасымен -12, облыстық кәсіподақ комитетінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер»  белгісімен — 126, Құрмет грамотасымен — 330, Алғысымен 22 кәсіподақ мүшесі марапатталды.

Облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы — Еркінбек Бахыт Сейітжаппарұлы
Біз туралы

 
Сделано в Alteman