«Ұстаздың еңбегі сөнбес» атты мерекелік кеш

«Ұстаздың еңбегі сөнбес» атты мерекелік кеш

2025 жылғы 2 қазанда А.Иманов атындағы жалпы білім беретін мектепте Ұстаздар күніне арналған «Ұстаздың еңбегі сөнбес» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.

Бұл кештің ең басты қонақтары – білім беру саласында елеулі еңбек еткен ардагер ұстаздар болды. Олар мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап өздеріне деген құрмет пен ықыласты сезініп, шәкірттерінің өнерін тамашалап, ерекше толқынысқа бөленді. Шардара аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұман Ұлықбек Назарұлы барша ардагер ұстаздарға жылы лебізін көрсетіп тілек білдірді.

Мерекелік кеш барысында оқушылар ұстаздарға арнап жүрекжарды өлеңдерін оқып, әуезді әндерін орындады. Сахна төрінде жас өнерпаздар ұстаз еңбегінің ұлылығын паш еткен әсерлі қойылымдар көрсетті. Әсіресе, «Ұстазға тағзым» атты композициялық қойылым көрерменге ерекше ой салып, терең әсер қалдырды.

Ардагер ұстаздар кеш барысында өздерінің еңбек жолындағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, жас буынға тағылымды кеңестер айтты. Шәкірт тәрбиелеудің жауапкершілігі мен мәртебесі туралы ой қозғап, ұстаздық жолдың қасиетті де қастерлі екенін атап өтті.

Мектеп әкімшілігі, Шардара аудандық кәсіподақ ұйымы ардагер ұстаздарға және бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстап, олардың жас ұрпаққа қалдырған өшпес еңбегіне ризашылығын білдірді.

«Ұстаздың еңбегі сөнбес» атты мерекелік кеш – тек қана қуанышты мереке емес, рухани байланыс пен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген тағылымды сәтке айналды. Бұл шара ұстаздық еңбектің мәңгілік екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп, баршаға үлгі болды.

Ұстаз еңбегі – ұрпақтың шамшырағы, мәңгілік таусылмас қазына!

Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.