ҰСТАЗ МІНБЕРІ!
Лесбаева Айсара Кенжебаевна ҰСТАЗДЫҚ ЕҢБЕК — ШӘКІРТ ЖЕҢІСІМЕН ӨЛШЕНЕДІ
«Мұғалім — білім көзі емес, білімге апаратын жетекші, бағыттаушы, нұсқаушы». Осы бір алтын қағиданы жаныма серік ете отырып, 1994 жылдан бері А. Пушкин атындағы ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етіп келемін. Өзім туып-өскен Түлкібас ауданы, Абай ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектептің (1990 жылғы түлегімін), кейіннен Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесі мен «Әулие-Ата» университетінің берген білімі мен тәрбиесі мені осы қасиетті жолға түсірді. Заман талабына сай, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу мақсатында үнемі ізденістемін. «Бастауыш PRO» және «Ғаламат» «Өрлеу» оқу орталықтарының курстарында кәсіби біліктілігімді шыңдап, соңғы жылдары біршама республикалық және облыстық байқауларда еңбегіміз еленді.
Алға қойған мақсатым мен жоспарым айқын: Сапалы білім беруді жалғастыру: Әр баланың бойындағы жасырын талантты дер кезінде анықтап, логикалық ойлауын дамыту. Нәтижені еселеу: Алдағы уақытта «Бастау» және «Алтын сақа» олимпиадаларында шәкірттерімнің тек бас жүлде мен алтын медальдарды иеленуіне барынша жағдай жасау. Кәсіби даму: Авторлық бағдарламаларымды одан әрі жетілдіріп, жас мамандармен іс-тәжірибе бөлісу және жаңа ақпараттық технологияларды сабаққа кеңінен енгізу.
Ұрпақ тәрбиесі мен білім беру жолындағы ізденісіміз толастамасын! Шәкірттеріміз биіктен көріне берсін!
Түлкібас аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.



