Аудандық мәдени іс шара

Аудандық мәдени іс шара

Келес аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына арналған ерекше сән-салтанатпен мерекелік іс-шара өтті. Көктемнің шуақты шуағымен келген бұл думанды мереке ұлттың бай дәстүрі мен рухани құндылықтарын дәріптеген тағылымды басқосуға айналды.

Бұл мерекелік шарада ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек еткен ардагер ұстаздар мен білім саласында үздік жетістіктерге жетіп жүрген мұғалімдер ерекше ілтипатқа бөленді.

Салтанатты кеш барысында білім саласына, кәсіподақ комитетіне өз үлесін қосқан ұстаздарды, зейнеткерлік демалыста отырған, зейнетке шыққан ардагер ағайларымыз бен апайларымызды Кәсіподақ комитетінің төрағасы Н.Артыков Республикалық «Өрлеу» салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы Қоғамдық бірлестігінің, Түркістан облыстық білім басқармасы мен Түркістан облыстық кәсіподақ комитетінің құрмет грамоталарымен, «Ұлағатты ұстаз», «Ы.Алтынсарин» төс белгілерімен, және Аудандық білім бөлімімен бірлескен кәсіподақ комитетінің құрмет грамоталарымен Алғыс хаттар табыстады.

Білім беру ұйымдары қызметкерлері арасында өткен облыстық спартакиадаға қатысып, жетістікке қол жеткізген спортшылар да салтанатты түрде құрметке бөленді. Дүбірлі додада өздерінің ептілігі мен шеберлігін танытып, жүлделі орындарға ие болған волейбол, асық ату, теннис, бес асық спорт түрлерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы марапаттармен марапатталды.

Сонымен қатар, мұғалімдерге демалыс орындарына арналған шипажай жолдамалары табысталып, ұстаздар қауымына деген зор құрмет айқын көрініс тапты.

Мерекелік шара барысында халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық ойындары мен салт-дәстүрлері кеңінен насихатталды. Қатысушылар арасында тартысты да қызықты арқан тарту сайысы ұйымдастырылып, көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, қазақ халқының ғибратты дәстүрлерінің бірі – тұсау кесу рәсімі де көпшілік алдында орындалып, ұлттық тәрбиенің маңызы дәріптелді.

Шара аясында ұлттық нақыштағы әсем киімдер киген қатысушылардың көркі мерекенің ажарын одан әрі айшықтай түсті. Көздің жауын алатын ұлттық киім үлгілері халқымыздың сән-салтанаты мен мәдениетінің байлығын паш етті. Сонымен бірге, жиналған қауымға арналған танымдық сұрақ-жауап ойындары өткізіліп, қатысушылардың білімдері мен тапқырлықтары сынға түсті.

Кеш барысында әсем әндер шырқалып, ұлттық нақыштағы билер орындалып, мерекенің шырайын кіргізді. Көңілді әуен мен шаттыққа толы думан көпшіліктің көңілін көтеріп, бірлік пен татулықтың жарқын көрінісіне айналды.

Осындай тағылымы мол, берекелі басқосу арқылы Келес аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақ сабақтастығын нығайтуға, халықтық дәстүрлерді жаңғыртуға өз үлесін қосты. Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі барша жұртқа құт-береке, молшылық пен игілік әкелсін деген ізгі тілекпен мерекелік шара жоғары деңгейде аталып өтті.

 

Келес аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.