Аудандық іс шара
2026 жылы «28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне» орай Сауран ауданында білім беру саласы қызметкерлерінің қатысуымен Jalil Abdullaev зияткерлік мектебінде «Еңбекті қорғау және қауіпсіздігін басқару жүйесі» тақырыбында маңызды семинар ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Рысбекова Фатима қатысып, оның қолдауымен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны басқару тетіктерін жетілдіру мәселелері кеңінен қарастырылды.
Семинарға білім беру ұйымдарының бастауыш кәсіподақ төрағалары, техникалық еңбек инспекторлары және сала мамандары қатысып, жұмыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қызметкерлердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ еңбек мәдениетін қалыптастыру бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Іс-шара барысында аудандық кәсіподақ комитетінің өкілдері сөз сөйлеп, кәсіподақ ұйымдарының рөлі мен маңызына тоқталды. Сонымен қатар, қызметкерлердің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жан-жақты баяндалды.
Кездесу барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді тәсілдерін ортаға салды. Әсіресе, алдын алу шараларын күшейту, еңбек заңнамасын жүйелі түсіндіру, қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Семинар соңында еңбек саласына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлер марапатталып, олардың кәсіби жетістіктері жоғары бағаланды.
Сонымен қатар, дәл осы күні Ұлықбек атындағы жалпы білім беретін мектепте де осындай мазмұндағы іс-шара ұйымдастырылды.
Мұндай іс-шаралар ұжымда қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруға және кәсіподақ қызметінің беделін арттыруға оң ықпал ететіні сөзсіз.
Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.






