Жетісайда мұғалімдер күні айрықша құрметпен өтті

Жетісай ауданы, Түркістан облысы – Ұстаздар күніне орай Қ.Сәтбаев атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты шара биыл ерекше мазмұнмен өтті. Шара ұстаздардың еңбегіне құрмет білдіріп, олардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге бағытталғаны байқалды.
Мерекелік жиынға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов қатысып, ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде ол ұстаздың қоғамдағы рөлі мен білім саласындағы маңызын атап өтіп, үздік педагогтерге мемлекеттік және облыстық деңгейдегі марапаттар табыстады. Атап айтқанда, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісі мен Түркістан облысы білім басқармасының Құрмет грамоталары табысталды.
Жиында «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Нұртайұлы да сөз сөйлеп, бірқатар мұғалімдерге партия атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Ол ұстаздың әр баланың жүрегіне сенім мен білім ұялататынын, бұл мамандықтың қоғамдағы орны ерекше екенін айтты.
Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Шоқан Адайбеков та ұстаздарды мерекемен құттықтап, білім саласындағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.
Кеш соңында жергілікті өнерпаздар мен оқушылар ұстаздарға арнап концерттік бағдарлама ұсынды. Ән-жыр мен сахналық қойылымдар кешке сән беріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Бұл мереке – ұстаз еңбегіне деген алғыс пен құрметтің жарқын көрінісі болды.
Жетісай аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.





