Кездесулер болып өтті
2026 жылдың 9 сәуірі күні Қазығұрт ауданында «Қазығұрт ауданының білім саласындағы өзекті мәселелері» тақырыбында сала қызметкерлерімен кездесу өтті. Кездесуге Түркістан облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғ.Алматов, облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Б.Еркінбек, мемлекеттік еңбек инспекторы А.Смадияр, сала ардагері Н.Байғұт және басқалар қатысты.
Кездесудің басы аудандағы С.Рахимов атындағы жалпы білім беретін мектебінің тыныс-тіршілігімен танысудан басталып, сала ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, ата-аналар, білім саласы жанашырларының қатысуымен дөңгелек үстелге ұласты. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарындағы еңбек дауларының көбеюі, сондай-ақ сала қызметкерлерінің құқықтарын заң аясында қорғау, сапалы білім мен тәрбиеге көңіл бөлу тақырыптары әңгімеге арқау болып, түрлі деңгейдегі даулардың алдын алу, болдырмау, даулы мәселелерді бірлесе отырып шешу жолдары талқыға түсті.
Балаларға сапалы білім мен тәрбие беру, ол үшін ата-аналармен байланысты барынша жандандыру, орын алған дауларды ушықтырмай, дер кезінде жергілікті жерде билік өкілдері мен зиялы қауым өкілдерін қатыстыра отырып шешу жолдары көрсетілді.
Облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек аталған мәселелердің алдын алу, шешу жұмыстарындағы кәсіподақтың рөлін айрықша көрсетіп, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, еңбеккерлердің әлеуметтік-экономикалық, еңбек жағдайларын жақсарту кәсіподақтың негізгі міндеті екендігін айтып өтті.
Әрі қарай жоғарыда аталған мәселе ауданның білім беру ұйымдарының басшыларымен талқыға түсіп, жеке қабылдау өткізіліп, онда білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер қабылдау бойынша ұсыныстар айтылды.
Кездесулер жоғары деңгейде өткізіліп, сала қызметкерлері өздерін толғандырып жүрген көптеген сұрақтарға жауап алды.
Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.









