КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС

Бүгін біз саналы ғұмырын білім беру саласына арнап, шәкірт тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагог, білікті маман Атеева Наргиса Нишанбайқызының кәсіби жетістіктерін ерекше мақтанышпен атап өтеміз.

Наргиса Нишанбайқызы 1988 жылдың 30 наурызында Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының Шыршық қаласында дүниеге келген. Алғашқы білімін Мұхтар Әуезов атындағы №17 мектепте алып, кейін Қазақстанға қоныс аударып, Ордабасы ауданындағы «Шұбарсу» жалпы орта мектебін тәмамдады. Білімге деген құштарлығы оны Шымкент қаласындағы «Мирас» университетінің «Информатика» мамандығына жетеледі.

Еңбек жолын 2009 жылы Шымкент қаласындағы №65 мектеп-гимназиясында физика кабинетінің лаборанты ретінде бастап, 2015 жылдан бері Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылындағы Сыдық Ысмайылов атындағы жалпы білім беретін мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып жемісті қызмет атқарып келеді.

Ұстаздық қызметінде Наргиса Нишанбайқызы білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды тиімді енгізіп, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, функционалдық сауаттылығын арттыруға және цифрлық технологияларды меңгеруіне ерекше көңіл бөліп келеді. Оның шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, ұстаз еңбегінің жемісін дәлелдеуде.

Педагогикалық шеберлігі мен кәсіби ізденісінің нәтижесінде ол көптеген марапаттар мен құрметке ие болды. Атап айтқанда, республикалық «Үздік педагог – 2023» байқауының Бас жүлдегері атанып, Түркістан облысы Білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Ордабасы ауданы әкімінің, аудандық білім бөлімінің және кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар, халықаралық және республикалық деңгейдегі конференцияларда спикер ретінде тәжірибесімен бөлісіп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға белсенді қатысып келеді. STEM, STEAM, цифрлық технологиялар және зерттеу сабақтары бағытындағы шеберлік сыныптары арқылы әріптестеріне кәсіби қолдау көрсетіп, педагогикалық қауымдастықтың дамуына елеулі үлес қосуда.

Бес баланың ардақты анасы, ұлағатты ұстаз Наргиса Нишанбайқызының қажырлы еңбегі, кәсібіне деген адалдығы мен шығармашылық ізденісі жас ұрпақ тәрбиесіндегі жарқын үлгінің бірі.

Сізге шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаздық жолыңызда толағай табыс, шығармашылық шабыт, зор денсаулық және отбасыңызға амандық тілейміз! Еңбегіңіздің жемісін көріп, білім мен тәрбие жолындағы игі бастамаларыңыз әрдайым биік белестерден көріне берсін!

Ордабасы аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *