КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ ӘЛЕМДІК АРЕНАДА ЖАРҚЫРАҒАН ЖАС ДАРЫН – АРУЖАННЫҢ АЙБЫНДЫ ЖЕҢІСІ!
Ордабасы ауданының мақтанышы, жас шахматшы Байділдә Аружан Маратиллақызы халықаралық аренада тағы бір зор жетістікке қол жеткізіп, еліміздің мерейін үстем етті.
Бөржар ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылының 11 жастағы тұрғыны Аружан Испанияның Гуардамар қаласында 2026 жылдың 1–13 маусымы аралығында өткен тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасындағы IPCA шахматтан XXV Әлем чемпионатына қатысып, жоғары шеберлігі мен табандылығын паш етті.
Әлемнің әр түкпірінен келген мықты спортшылар бақ сынаған беделді додада Аружан блиц бағдарламасы бойынша барлық қарсыласынан басым түсіп, Әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар рапид бағдарламасында қола жүлдеге ие болса, классикалық шахматтан күміс медаль жеңіп алды. Осылайша жас шахматшы әлем чемпионатынан бір алтын, бір күміс және бір қола медальмен оралды.
Аружанның бұл жеңісі кездейсоқ жетістік емес. Ол бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, Қырғыз Республикасында өткен Азия чемпионатында топ жарып, Азия чемпионы атанған болатын. Оның қоржынында рапидтен алтын медаль, блицтен екі күміс медаль және классикалық шахматтан екі күміс медаль бар.
Жас чемпионның жетістігінің артында үлкен еңбек пен жүйелі дайындық жатыр. Әкесі әрі жаттықтырушысы Жамангараев Маратилла Байділлаевич Темірлан спорт клубында шахматтан жаттықтырушы болып қызмет атқарады. Шахматшы отбасында тәрбиеленген Аружан бүгінде өз таланты мен табандылығының арқасында биік белестерді бағындыруда.
Сонымен қатар Аружан ауданымыздағы «Дулат» мектебінің 6-сыныбын үздік аяқтаған оқушы. Ол оқу үлгерімі жоғары, тәртіпті, сабырлы, жауапкершілігі мол, білімге құштар әрі өз қатарластарынан ой-өрісімен ерекшеленетін талапты шәкірт ретінде ұстаздарының мақтанышына айналып отыр.
Аружанның әлем чемпионатындағы тарихи жетістігі – тек жеке жеңіс емес, бұл ауданымыздың, өңіріміздің және еліміздің абыройын асқақтатқан үлкен жетістік. Білім мен спортты қатар алып жүрген жас дарынның табандылығы мен еңбекқорлығы өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Осындай талантты шәкірттеріміздің жетістігі ұстаздар қауымының, ата-ананың және білім беру саласының бірлескен еңбегінің жемісі екендігін көрсетеді.
Ордабасы ауданының мақтанышы атанған Аружанға алдағы жарыстарда да толағай табыстар, жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз!
Ордабасы аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі





