КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

КӘСІПОДАҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

10 қазан – Кәсіподақтар мерекесі ретінде тойланатын атаулы дата болып саналады. Биыл еліміздегі кәсіподақтардың құрылғанына 120 жыл толып отыр. Осынау мерейлі мерекеге орай аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков арнайы жиын өткізіп, аудандағы кәсіподақ саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

–Сіздерді Қазақстандағы кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдығы және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдық мерекесіне орай шын жүректен құттықтаймын. Кәсіподақ – ең бірінші кезекте жұмысшы құқын қорғап, олардың заңға сәйкес әлеуметтік қорғалуын қадағалайтын ұйым. Сондықтан да бұл ұйымның қоғамдағы орын алатын маңызы ерекше, – деген аудан әкімінің орынбасары Б.Төребеков аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың атынан «Алғыс хаттар» мен сый-сияпаттар табыстады.

Аудан әкімінің марапатына кәсіподақ қозғалысын дамытып, еңбеккерлердің құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғауға қосқан елеулі үлесі үшін аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ұлықбек Жұман, мемлекеттік мекемелер кәсіподағы аудандық комитетінің төрайымы Бақтыгүл Биманова, түрлі мекемелерде қызмет атқаратын кәсіподақ мүшелері ие болысты.

Жиынға қатысқан “Аманат” партиясының аудандық филиалының төрағасы Ережеп Бекет те құттықтау сөз сөйлеп, партия атынан құттықтау хат пен сыйлықтар тарту етті.

Мұғалімдер мүддесін қорғауда жемісті еңбек етіп жүрген білікті басшы, ұлағатты ұстаз, ақын Ұлықбек Жұман әріптестеріне ақ тілегін арнады.

–Президент жолдауынан туындаған цифрландыру үдерістері, әлеуметтік-экономикалық реформалар кәсіподақтан тиімді және ашық жұмыс істеуді талап етеді. Кәсіподақ ұйымдары бүгінгі таңда құқықтық сауаттылықты арттыру, еңбек дауларының алдын алу сияқты жаңаша жұмыс тәсілдерін қолға алуда. Цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларды пайдалану – кәсіподақ қызметінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Бұл – ұйым мен кәсіподақ мүшелері арасындағы байланысты нығайтып, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға жол ашады. Бізді төл мерекемізбен құттықтап, қуанышымызға ортақтасып отырған аудан әкімі Арман Қарсыбаевқа, орынбасары Бейсенбай Төребеков сынды азаматтарға кәсіподақ ұйымының атынан зор алғысымды білдіремін, – деді аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ұлықбек Назарұлы.

 

Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.