Мерекелік іс шара

Мерекелік іс шара

2025 жылдың 4 қазан күні Келес аудандық кәсіподақ комитеті ұйымдастыруымен «Ұстаздар күні» кәсіби мерекесі және «Кәсіподақтар күніне» арналған салтанатты жиын жоғары деңгейде өткізілді.

Бұл мерекелік шарада ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде өлшеусіз еңбек еткен ардагер ұстаздар мен білім саласында үздік жетістіктерге жетіп жүрген мұғалімдер ерекше ілтипатқа бөленді.

Салтанатты кеш барысында білім саласына, кәсіподақ комитетіне өз үлесін қосқан ұстаздарды, зейнеткерлік демалыста отырған, зейнетке шыққан ардагер ағайларымыз бен апайларымызды Кәсіподақ комитетінің төрағасы Н.Артыков Республикалық «Өрлеу» салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы Қоғамдық бірлестігінің, Түркістан облыстық білім басқармасы мен Түркістан облыстық кәсіподақ комитетінің құрмет грамоталарымен , «Ұлағатты ұстаз», «Ы.Алтынсарин» төс белгілерімен, Аудан әкімі, Абай ауыл әкімі марапаттарымен және Аудандық білім бөлімімен бірлескен кәсіподақ комитетінің құрмет грамоталарымен Алғыс хаттар табыстады. Сонымен қатар, мұғалімдерге демалыс орындарына арналған шипажай жолдамалары мен гүл шоқтары ұсынылып, ұстаздар қауымына деген зор құрмет айқын көрініс тапты.

Шара барысында әсем әндер шырқалып, әсерлі күйлер орындалды. Келес ауданының әншісі Манапова Светлана, Оқушылар мен ұстаздар дайындаған концерттік бағдарлама көрермендердің көңілінен шығып, кештің сәнін кіргізді. Ұлттық нақыштағы өнер мен заманауи шығармашылықты тоғыстырған бұл кеш – ұстаз еңбегінің маңызын тағы бір мәрте айшықтай түсті.

Кеш соңында аудандық кәсіподақ комитеті, аудандық білім бөлімінің мамандары мен мектеп басшылары барша ұстаздарға алғыс білдіре отырып, алдағы еңбектеріне сәттілік пен шығармашылық табыс тіледі. Осындай рухани бай, мағыналы кеш ұстаздардың мерейін үстем етіп, ұлағатты мамандықтың қадірін тағы бір мәрте сезіндірді.

Мерекелеріңіз құтты болсын!

Келес аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.