Мерекелік іс шара

Шардара ауданында «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты мерекелік іс-шара өтті
04 қазан күні Шардара ауданында Ұстаздар күні мерекесіне орай білім саласы қызметкерлерінің қатысуымен «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік жиынға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, «Аманат» партиясының аудандық филиалының төрағасы Бекет Ережеп Құддайбергенұлы, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұман Ұлықбек Назарұлы қатысып, ұстаздарға ыстық ықыластарын білдіріп, кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Сөз алған қонақтар ұлт болашағын тәрбиелеудегі ұстаздардың өлшеусіз еңбегін атап өтіп, олардың қоғамдағы мәртебесі мен рөлінің маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты жиын барысында білім саласында табысты еңбек етіп жүрген мұғалімдер мен басшыларға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Түркістан облысы әкімдігінің, сондай-ақ аудан әкімінің марапаттары табысталды. Атап айтқанда, бірқатар ұстаздар «Еңбек ардагері», «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, «Құрмет грамотасы» және алғыс хаттармен марапатталды.
Марапат иелерінің қуанышты сәттерін әріптестері жылы лебіздермен қарсы алып, мерекелік атмосфераны одан әрі айшықтады.
Іс-шара соңында ауданның өнерпаздары ұстаздарға арнап әсерлі концерттік бағдарлама ұсынып, ән мен күйге толы мерекелік көңіл күй сыйлады.
Бұл күні барша ұстаздар құрмет пен ризашылыққа бөленіп, «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» ұраны өз мәнінде жаңғырды.
Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.





