Педагогтердің облыстық тамыз кеңесі

Педагогтердің облыстық тамыз кеңесі

2025 жылғы 21 тамыз күні Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» сарайында білім саласы қызметкерлерінің «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында облыстық тамыз кеңесі өтті.

Кеңеске Түркістан облысының әкімі Н.Көшеров, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі М.Мелдебекова, облыстық мәслихат төрағасы Н.Әбіш, облыстық мәслихат депутаттары, «Аманат» партиясы облыстық филиалының төрағасы А.Үмбетәлиев, басқа да облыстық мекемелердің, құқық қорғау органдарының басшылары, мұғалімдер мен ұйым басшылары, білім саласы қызметкерлерінің кәсіподақ активі және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Биылғы жаңа оқу жылы алдындағы облыс білім саласының басты жиынының ерекшелігі – таяуда ғана өткен Республикалық тамыз кеңесінің жұмысы, оған Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың қатысып,  сөз сөйлеуі болды.

Президент Қ-Ж.Тоқаев өз сөзінде ұстазды «ұлттың шамшырағы» деп атап, бүгінгі саналы ұрпақты тәрбиелеу – ертеңгі заман көшін бастайтын буынды қалыптастыру екенін атап өтіп, білім беру мен тәрбие жұмысына байланысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Президент –«Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – ұлы миссия» деп, ұстаз еңбегінің маңызын ерекше атап өтті. Бұл – педагогтар үшін үлкен жауапкершілік екені белгілі.

Облыстық тамыз кеңесінде Түркістан облысының әкімі Н.Көшеров, ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі М.Мелдебекова және басқалар сөз сөйледі.

Өз кезегінде облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғ.Орынов ҚР Президенті Қ-Ж. Тоқаевтың Республикалық тамыз кеңесінде сөйлеген сөзі мен көтерген мәселелер бойынша атқарылатын міндеттер, Республикалық тамыз кеңесі жұмысының қорытындылары, білім беру мен тәрбие жұмысын жақсартуға байланысты жұмыстар туралы баяндама жасады.

Іс-шараның соңы сала үздіктерін марапаттаумен аяқталды.