ТҮРКІСТАНДА ҰСТАЗДАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

ТҮРКІСТАНДА ҰСТАЗДАР КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

Түркістан қаласында Ұстаздар күніне арналған «Ұстаз – ұлт рухының шамы» атты мерекелік шара өтті. Салтанатты жиынға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, зиялы қауым өкілдері мен ардагер ұстаздар, білім саласының қызметкерлері қатысты.

Мерекелік кеш қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылып, оқушылардың «Ұстазға хат» көрінісі мен өнерпаздардың би және музыкалық композицияларымен басталды. Шара барысында ұстаздарға құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы рөлі ерекше аталып өтті.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бірқатар білім саласының үздіктеріне Ы.Алтынсарин медалін және арнайы алғыс хатын табыстап, ұлағатты ұстаздарға алғысын білдірді.

Мерекелік кеште қалалық өнерпаздар мен оқушылардың орындауындағы «Ұстазға тағзым», «Ұстазым» көріністері мен оқушылардың арнаулары ұстаздар қауымына деген ерекше құрметтің көрінісіне айналды.

Бүгінде Түркістан қаласында 88 мектеп жұмыс істеп тұр, оның 50-і – жекеменшік мектептер. Жалпы қала бойынша 56 мыңға жуық оқушы білім алуда. Сондай-ақ, 150 мектепке дейінгі ұйымдарда 17 мың бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл – білім саласына мемлекетпен қатар, кәсіпкерлердің де ерекше көңіл бөліп отырғанының айғағы.

 

Түркістан қалалық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.