Ұлттық кітап күні атап өтілді

Түркістан облысы білім басқармасының Білім беруді дамыту орталығының ұйымдастыруымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай «Балалар әдебиеті – рухани тәрбие бастауы» атты мерекелік іс-шара өтті. Атаулы жиынға облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов қатысып, мерекемен құттықтады.

Қазақстанда Ұлттық кітап күні 2024 жылы Үкімет қаулысымен ресми түрде бекітілді. Айтулы датаға сәйкес оқуға деген құштарлық – қоғамның дамуына ықпал ететін маңызды құндылықтардың бірі.

Қоғамды дамытудағы басты факторлардың бірі – ұлттық құндылықтарды арттырып, кейінгі ұрпаққа мұра ету. Бұл міндет кітапқа деген қызығушылық пен оқу мәдениетін нығайту арқылы жүзеге асады. Жастардың кітапқа деген сүйіспеншілігін ояту – елдің рухани, мәдени, ғылыми мүдделері мен білім беру салаларын нығайтудың негізгі бағыттарының бірі.

Аталған іс-шараға облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Бахыт Еркінбек қатысып, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, әдебиетті насихаттауға, рухани дамуды қолдауға бағытталған іс-шара ұйымдастырушыларына ризашылығын білдірді. Жиын соңында елеулі еңбек еткен аудан/қалалық білім бөлімдерінің оқулықтарға жауапты әдіскерлерін «Алғыс хатпен» марапаттады.

 

Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.