Кәсіподақтар күні мерекесі салтанатты түрде аталып өтті!

Елімізде 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні болып бекітілген. Осынау даталы мерекені «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігі салтанатты түрде атап өтті. Мерекелік іс шара үстіміздегі жылдың 14 қазаны күні Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайында» өткізілді.

Қазіргі кәсіподақтардың қозғалыстары еңбеккерлердің жұмыс орнындағы құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуын қамтамасыз етеді.

Кәсіподақ ұйымының жетекшілері мен жұмысшылары, қозғалыс белсенділері өздерінің уақыттары мен күш-жігерін еңбек адамының құқығының сақталуына жұмсап жүрген қайраткерлер. Олардың өмірлік ұстанымдары мен ұйымдастырушылық қабілеттері, шығармашылық күш-қуаттары өңіріміздегі білім саласы қызметкерлерінің өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Біздің облыстық кәсіподақ ұйымы 1934 жылы құрылып, 90 жылға таяу тарихы бар, мүшелер саны мен құрылымы бойынша облыстағы және республикадағы ең ірі қоғамдық бірлестік болып отыр.

Тәуелсіздік жылдары облыстық кәсіподақ комитеті мүшелер саны және құрылымы жағынан өсіп, нығайды. Кәсіподақ жұмысының әдістеріне жаңғырту жүргізілді. 1991 жылы 867 бастауыш кәсіподақ ұйымы, олардың құрамында 56 мың кәсіподақ мүшесі болса, қазір 1367 бастауыш кәсіподақ ұйымы мен 100 мыңнан аса кәсіподақ мүшесі бар. Облыстық кәсіподақ ұйымының облыстағы барлық аудандар мен қалаларда құрылған 17 филиалы жұмыс атқарады.

Кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттарының бірі және маңыздысы – әлеуметтік әріптестікті дамыту және нығайту. Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасы мен облыстық кәсіподақ комитеті арасында әлеуметтік әрііптестік туралы келісім түзілген. Осы келісім негізінде тараптар бірлесіп көптеген іс-шараларды бірлесіп өткізіп келеді.

Салтанатты жиналыс Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранын орындаумен басталып, облыстық кәсіподақ комитетінің жұмысы туралы бейнеролик көрсетілді.

Алғы сөзді облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек алып, кәсіподақ органының атқарған жұмыстары туралы қысқаша баяндай келе, қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтады. Б.Еркінбек іс шараға шақырылған кәсіподақ ардагерлеріне бағалы сыйлықтар тапсырды. Сондай-ақ, кәсіподақ белсенділері – озат мұғалімдерге облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, «АMANAT» партиясының, облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының алғыс хаттары мен құрмет грамоталары, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Мерекелік іс шара концерттік бағдарламаға ұласып, облысымыз бен республикамызға танымал өнерпаздар мен өнер ұжымдары өз өнерлерін көрсетті.

Салтанатты жиын Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындаумен аяқталды. Халқымыздың сүйікті әнін өнерпаздармен бірге залда отырған мереке қатысушылары қосыла орындады.

Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Кәсіподақ белсенділері марапатталды!

Қазан айының 10 күні «Ордабасы» ақпарат орталығында, Ордабасы аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Қ.Төлебаев білім саласында еселі еңбек етіп жүрген кәсіподақ белсенділерін Қазақстан Республикасының кәсіподақтар күні мерекесіне орай құттықтап, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы мен «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің грамоталарымен және «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгілерімен марапаттады.

Ордабасы аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі

Мерекелік іс шара

Түлкібас ауданының Мәдениет сарайында «Мұғалімдер күні және кәсіподақтар күні» мерекесіне орай «Кәсібім менің мақтанышым» деп қуанышпен айтатын, шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, олардың өмірден орын табуына жол көрсетіп, аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарды ұлықтау мерекесі өткізілді.

Мерекелік іс- шараға аудан әкімі Н. Байғұтов, мәслихат хатшысы С. Сейсенбаев, Аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Е. Қадырбек, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Д. Абишев, еңбек ардагерлері қатысып құттықтау айтып тиісті марапаттаулар табысталды.

Мереке аудан мектептерінің өнерпаз мұғалімдерінің концертінен жалғасын тапты.

Аудандық кәсіподақ комитінің баспасөз қызметі.

«ҰСТАЗ ЖОЛЫ – ҰЛЫ ЖОЛ»

Түркістан облысы Арыс қалалық мәдениет үйінде “Ұстаз жолы-ұлы жол!” атты мерекелік іс-шара өтті. «Алты Алаштың басы қосылса, төр-мұғалімдікі…» (М.Жұмабаев)

Салтанатты іс-шараны қала әкімі Құрманбекова Гүлжан Мамытқызы ашып, білім саласының қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады және қалалық маслихат хатшысы Байтанаев Амантай Алтынбекұлы, қалалық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Момбеков Әшімхан Тілеуханұлы білім саласында еселі еңбек етіп жүрген ұстаздарды құттықтап, ардагер ұстаздарымызға бүлдіршіндеріміз гүл шоқтарын ұсынды. Ұстаздарымызға бүгінгі мерекеде «Құрмет грамотасы», «Алғыс хаттары» және төс белгілері табысталды.

Мерейлі мерекеде ұстаздардың марапатталғаны әріптестеріміз үшін үлкен қуаныш, – деді Арыс қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Момбеков Әшімхан Тілеуханұлы.

Арыс қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Мухаев Жұматай Ишантайұлы құттықтау сөз сөйлеп және «Арыс ақиқаты» газетінің журналисті Әбдіков Темірхан Қыстаубайұлы мектептің педагог қызметкерлеріне «Ұстаздарға арналған жыр жолдары» өлеңін арнап ізгі тілегін жеткізді.

Салтанатты шара соңы қаламыздың өнерпаздарымен қатар ұстаздар мен мектеп оқушыларының мерекелік концертімен қорытындыланды.

Арыс қалалық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Ұстаздар, еңбектеріңізге рақмет!

Қазан айының алғашқы жексенбісі ұстаздар күні. Ыбырай салған сара жолды таңдаған мамандық иелеріне ерекше құрмет көрсетіледі. Кәсіби мейрамдары қарсаңында Сауран ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен ұстаздар қауымына арналған салтанатты іс-шара өтті. Аудан әкімі Рысбеков Ғани Құрмашұлы “Ұстаздық қызмет – әлемдегі ең абыройлы мамандық” екенін атап өтіп, ізгі тілегін білдірді.

Сауран аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрайымы Рысбекова Фатима: – Ұстаз деген мектептің жүрегі, мектеп айнасы. Сіздер тек білім беріп қана қоймай, балаға тәрбие беріп, өмір жолына шығарасыздар. Сол балалар сіздерге қуаныш әкеліп, биіктен көріне берсін,-деп жүрек жарды ізгі тілегін жеткізді.

Іс-шара ары қарай марапаттау миссиясымен жалғасын тауып, білім беру саласында жас жеткіншектердің тәрбиесі мен кемел келешегіне ықпал етіп, сапалы білім және саналы тәрбие берудегі сіңірген еңбегі үшін бірқатар ұстаздар «Кәсіподаққа еңбегі сіңген» төс белгісі және аудандық әлеуетті дамыту бөлімінің алғыс хатымен марапаттады.

Балабақша бүлдіршіндері, мектеп оқушылары, жас мамандар қонақтарға ән айтып, би билеп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Мерекелік іс шара

Отырар аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі мен кәсіподақ комитеті «Мұғалімдер күні мен Кәсіподақтар күні» мерекелерін аудандық мәдениет сарайында салтанатты түрде атап өтті. Мерекелік іс шараны аудан әкімі С. Сұлтанханов ашып, ұстаздарды мерекемен құттықтады және озат ұстаздарды марапаттады. Аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Е. Қасым қос мерекемен ұстаздарды құттықтап, кәсіподақ активтерін марапаттады. Жиынға ардагер ұстаздарда шақырылды, оларға мерекелік сыйлықтар мен гүл шоқтары тапсырылды.

Отырар аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Мерекелік іс шара

Сарыағаш ауданындағы Қызылжар ауылының Мәдениет үйінде Мұғалімдер күні мерекесі салтанатты атап өтілді. Салтанатты шараға аудан әкімі М.Отаршиев, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің міндетін қоса атқарушы Д.Акатов, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ә.Тастанбеков мырзалар Ұстаздар мерекесімен шын жүректен құттықтап, ұстаздарға деген ыстық лебіздерін білдіріп, салтанатты шарада мұғалімдерді Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен, Облыс әкімінің алғыс хатымен, Облыстық мәслихаттың Алғыс хатымен, аудан әкімінің Алғыс хатымен, Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының Құрмет граматасымен, Облыстық кәсіподақ комитетінің “Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкері” төсбелгісімен, Облыстық кәсіподақ комитетінің Құрмет грамотасымен, және аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің Алғыс хаттарымен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.

Салтанатты мерекеге ауданның ардагер ұлағатты ұстаздары, мектеп басшылары, білікті ұстаздары шақырылды. Мерекелік іс-шарада концерттік бағдарламалар, қойылымдар қойылып, ұстаздар көтеріңкі көңіл күймен тарқады. Ұстаздар мерекесі жоғары деңгейде өткізілді.

Сарыағаш аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Кіші футболдан турнир

Қазығұрт аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастырумен Ұстаздар күні мен Кәсіподақтар күніне орай, ардақты ұстаз, еңбек ардагері, Қазақстан Республикасының кәсіподақтар федерациясының еңбек сіңірген қайраткері Шалқаров Әшірбек Қиянтайұлын еске алуға білім саласының қызметкерлері арасында кіші футболдан жарысын өткізді. Мерекеге арналған іс шараға Түркістан облыстық білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподақ комитетінің төраға орынбасары А.Ш.Абуов, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы А.Т.Уисимбаев, ардагер ұстаздар А.Қанатбаев, Х.Халов, Р.Егембердиев қатысты. Ашылу салтанатында аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы С.Мусакулов сөз сөйлеп, Ә.Шалқаровтың өмірбаянымен таныстырып, жарысқа сәттілік тіледі.

Қазығұрт аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

ҰСТАЗДАР КҮНІ АТАП ӨТІЛДІ

«Ұстаздар күні» мерекесі шағалалы Шардара ауданында да жоғары деңгейде өткізілді. Аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев арнайы қатысып: «Ұстаз – ұлы ұғым. Өйткені, сөз бастайтын ақын да, ғалым да, қол бастайтын батыр да ұстаздың тәрбиесін алып, мейірім-шапағатына бөленіп өседі. Сіздер тек қана білім нәрімен сусындатушы ғана емес болашағымыздың негізін қалаушысыздар. Сондықтан, сіздерге қандай құрмет көрсетсек те көптік етпейді. Мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті ұстаздар! Сіздерді барша аудан халқының атынан құттықтаймын»-деп еңбегімен еленіп, білім беру ісінде толағай табыстарға жетіп жүрген ауданның ұстаздарын аудан әкімінің атынан Алғыс хаттармен марапаттап, сый-сияпаттар тапсырды.
Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұманов Ұлықбек құттықтау сөз сөйлеп, бірқатар ұстаздарға
облыстық кәсіподақ комитетінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгілерін тақты. Сондай-ақ, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақжібек Жантөреева да өз атынын ұстаздарға Алғыс хаттар табыстады. Ардагер ұстаз, ақын Нұрғали Ыбрайымов сөз сөйлеп, өз шығармашылығынан өлең оқыды.
Сонымен қатар, білім мен тәрбие саласына саналы ғұмырын арнап, бүгінде зейнеткерлік жаста болса да ұрпақ тәрбиесі мен ұрпақтар сабақтастығын сақтауда елеулі еңбек етіп жүрген ардагер ұстаздар ұлықталып, марапатқа ие болды.
Мерекелік шара барысында жарыссөзге шыққан ұстаздар елдегі білім мен ғылым саласына жасалып жатқан қамқорлықтар, оқу базаларының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаралып жатқан қаражаттардың күн санап артып келе жатқандығын мақтанышпен айтып, педагогтар мен білім алушыларға әлемдік бәсекеге қабілетті болу үшін тынымсыз ізденіс керектігін тілге тиек етті. Салтанатты шара соңы аудан өнерпаздарымен қатар ұстаздар мен мектеп оқушыларының мерекелік концертімен қорытындыланды.

Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

1 51 52 53 54 55 90