Кезекті жазғы демалыс – кәсіподақ мүшелеріне тамаша мүмкіндік!

Білім және ғылым қызметкерлері Келес аудандық кәсіподақ комитетінің мүшелері кезекті жазғы демалыстарын Қырғыз Республикасындағы көрікті Ыстықкөлдің жағалауында орналасқан «Алмазный берег» пансионатында өткізді.

Табиғаты таңғажайып, ауасы таза, жағажайы жайлы демалыс орны әріптестерімізге күш-қуат жинап, жаңа оқу жылына тың серпінмен оралуға мүмкіндік сыйлады.

Кәсіподақ комитеті алдағы уақытта да өз мүшелерінің әлеуметтік қолдауын күшейтіп, сапалы демалысын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстарын жалғастыра береді.

Барша демалушыларға көтеріңкі көңіл-күй, зор денсаулық және отбасыларына амандық тілейміз!

 

Келес аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

 

Аудандық іс шара

Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының ұйымдастыруымен Мақтаарал ауданының ұстаздары 5-11 шілде аралығында Қырғыз Республикасында орналасқан Ыстық көл демалыс аймағына барып, демалып қайтты.

Жалпы саны 70 ұстазымыздың демалуына негіз болған Облыстық кәсіподақ комитетіне Мақтаарал аудандық кәсіподақ комттеті мен аудан ұстаздарының атынан шынайы алғысымызды білдіреміз

Мақтаарал аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Ұстаздарға – лайықты демалыс, жаңа серпін!

Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының ұйымдастыруымен Сарыағаш ауданының 72 ұстазы 2026 жылғы 28 маусым – 4 шілде аралығында Қырғыз Республикасының інжу-маржаны саналатын Ыстық көл жағалауында демалып, көтеріңкі көңіл-күймен елге оралды.

Тянь-Шань тауларының баурайында орналасқан Ыстық көл – әлемдегі ең ірі әрі ерекше көлдердің бірі. Табиғатының көркемдігі, таза тау ауасы, мөлдір суы мен шипалы климаты бұл өлкені Орталық Азиядағы ең танымал демалыс орындарының қатарына қосады. Осындай тамаша табиғат аясында ұстаздарымыз тынығып, әсерлі сәттерге толы демалыс өткізіп, жаңа оқу жылына тың күш-жігер жинады.

Ұстаздардың сапалы демалысын ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағына Сарыағаш аудандық кәсіподақ комитеті мен аудан ұстаздарының атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз

Сарыағаш аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНА ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС

Бүгін біз саналы ғұмырын білім беру саласына арнап, шәкірт тәрбиелеу жолында талмай еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагог, білікті маман Атеева Наргиса Нишанбайқызының кәсіби жетістіктерін ерекше мақтанышпен атап өтеміз.

Наргиса Нишанбайқызы 1988 жылдың 30 наурызында Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының Шыршық қаласында дүниеге келген. Алғашқы білімін Мұхтар Әуезов атындағы №17 мектепте алып, кейін Қазақстанға қоныс аударып, Ордабасы ауданындағы «Шұбарсу» жалпы орта мектебін тәмамдады. Білімге деген құштарлығы оны Шымкент қаласындағы «Мирас» университетінің «Информатика» мамандығына жетеледі.

Еңбек жолын 2009 жылы Шымкент қаласындағы №65 мектеп-гимназиясында физика кабинетінің лаборанты ретінде бастап, 2015 жылдан бері Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылындағы Сыдық Ысмайылов атындағы жалпы білім беретін мектепте информатика пәнінің мұғалімі болып жемісті қызмет атқарып келеді.

Ұстаздық қызметінде Наргиса Нишанбайқызы білім беру жүйесіндегі жаңашылдықтарды тиімді енгізіп, оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, функционалдық сауаттылығын арттыруға және цифрлық технологияларды меңгеруіне ерекше көңіл бөліп келеді. Оның шәкірттері аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, ұстаз еңбегінің жемісін дәлелдеуде.

Педагогикалық шеберлігі мен кәсіби ізденісінің нәтижесінде ол көптеген марапаттар мен құрметке ие болды. Атап айтқанда, республикалық «Үздік педагог – 2023» байқауының Бас жүлдегері атанып, Түркістан облысы Білім басқармасының Құрмет грамотасымен, Ордабасы ауданы әкімінің, аудандық білім бөлімінің және кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сонымен қатар, халықаралық және республикалық деңгейдегі конференцияларда спикер ретінде тәжірибесімен бөлісіп, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға белсенді қатысып келеді. STEM, STEAM, цифрлық технологиялар және зерттеу сабақтары бағытындағы шеберлік сыныптары арқылы әріптестеріне кәсіби қолдау көрсетіп, педагогикалық қауымдастықтың дамуына елеулі үлес қосуда.

Бес баланың ардақты анасы, ұлағатты ұстаз Наргиса Нишанбайқызының қажырлы еңбегі, кәсібіне деген адалдығы мен шығармашылық ізденісі жас ұрпақ тәрбиесіндегі жарқын үлгінің бірі.

Сізге шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаздық жолыңызда толағай табыс, шығармашылық шабыт, зор денсаулық және отбасыңызға амандық тілейміз! Еңбегіңіздің жемісін көріп, білім мен тәрбие жолындағы игі бастамаларыңыз әрдайым биік белестерден көріне берсін!

Ордабасы аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ АЯСЫНДАҒЫ КӘСІПОДАҚ ЖҰМЫСЫ: МАҚСАТ ПЕН МІНДЕТ

Сауран ауданының ұстаздары, балабақша тәрбиешілері мен білім саласының ардақты қызметкерлері!

Еліміздің жаңа Конституциясы — әрбір азаматтың, соның ішінде еңбек адамының құқығын қорғаудың жаңа, қуатты құқықтық негізі. Ата Заңымызға енгізілген өзгерістер бізге тек жаңа құқықтар беріп қана қоймайды, сонымен бірге өз құқығымыз бен мүддеміз үшін бірлесе әрекет етуді талап етеді.

Бүгінгі тарихи кезеңде Сауран аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті

кәсіп одақ комитеті баршаңызды ынтымақ пен бірлікке шақырады! Жаңа заң талаптары аясында біздің комитет әрбір ұстаздың, әрбір қызметкердің еңбегін қорғауды басты міндеті деп біледі.

Біздің басты мақсаттарымыз бен ұстанымдарымыз:

Әділ еңбек және заң үстемдігі: Жаңа Конституция талаптарына сай, ауданымыздағы әрбір білім беру мекемесінде еңбек заңнамасының қатаң сақталуын бақылаймыз. Мұғалімді негізсіз артық жұмысқа жегуге, оның кәсіби мәртебесіне нұқсан келтіруге жол бермейміз!

Қауіпсіз әрі қолайлы жағдай: Әрбір адамның жұмыс орны заманауи, қауіпсіз және

нәтижелі жұмыс істеуге қолайлы болуын талап етеміз.

Әлеуметтік қолдау мен ашықтық: Әріптестеріміздің денсаулығын жақсарту,

шипажайларға жолдамалар бөлу, мұқтаж жандарға материалдық көмек көрсету шараларын ашық, әділ әрі тікелей кәсіподақ мүшелерінің қатысуымен жүзеге асырамыз.

Жас мамандарға қамқорлық: Ауданның білім беру саласына қадам басқан жас

кадрлардың құқығын қорғап, олардың кәсіби өсуіне толық жағдай жасаймыз.

Ардақты әріптестер, ардақты ұстаздар!

Жаңа Конституция — бұл тек құжат емес, бұл — біздің күнделікті өмірімізді, еңбегімізді

және болашағымызды айқындайтын құрал. Ал кәсіподақ — сіз бен біздің ортақ күшіміз, ортақ дауысымыз!

Өз құқығымызды талап етуде, еңбек ортасын жақсартуда бейжай қалмайық. Біз бірге

болғанда ғана мықтымыз! Тұрыңыз, бірігіңіз, құқығыңызды кәсіподақпен бірге қорғаңыз!

Бірлігіміз бекем, еңбегіміз жемісті болсын!

Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Аудандық семинар

Болашаққа қадам: Сауран ауданының кәсіподақ комитеті жасанды интеллектімен бірлескен ауқымды жобаны қолға алады.

Заман ағымына сай цифрлық технологияларды енгізу — бүгінгі күннің басты талабы. Осы орайда, Сауран ауданының кәсіподақ комитеті еңбек қатынастары тарихында алғаш рет Жасанды интеллект (ЖИ) технологиясын қолдана отырып, болашақта бірлескен бірегей цифрлық жобаны іске қосуды жоспарлап отыр.

Бұл жай ғана технологиялық жаңалық емес, бұл — аудандағы әрбір еңбек адамының құқығын қорғауды, оларға көрсетілетін қызметті мүлдем жаңа деңгейге көтеретін ауқымды бағдарлама болмақ.

Бірлескен жобаның негізгі мақсаты не?

Кәсіподақ комитеті мен жасанды интеллектіні әзірлеуші мамандар бірлесіп, болашақта арнайы цифрлық платформа мен автоматтандырылған жүйе жасап шығарады. Бұл жүйе іске қосылғанда кәсіподақ жұмысы қалай өзгереді?

«Бір терезе» принципі бойынша жедел көмек: Болашақта әзірленетін бағдарлама Сауран ауданындағы мұғалімдерге, дәрігерлерге және өзге side сала қызметкерлеріне заңгерлік немесе әлеуметтік сұрақтар бойынша тәулік бойы (24/7) қазақ тілінде құқықтық кеңес бере алады.

Құжаттарды қағазсыз рәсімдеу: Жұмысшылардың өтініштерін қабылдау, шипажайларға жолдама беру, материалдық көмек көрсету мәселелерін ЖИ жүйесі секунд ішінде өңдеп, адам факторынсыз, әділ әрі ашық шешім қабылдауға көмектеседі.

Еңбек дауларының алдын алу: Бағдарлама аудан көлеміндегі мекемелерде еңбек заңнамасының сақталуын, жалақының уақтылы төленуін бақылап, қандай да бір мәселе туындаса, кәсіподақ комитетіне алдын ала хабарлап отырады.

Комитеттің басты ұстанымы

Сауран аудандық кәсіподақ комитеті:

«Біз болашақта іске қосылатын бұл жоба арқылы кәсіподақ жұмысын барынша ашық, қолжетімді және заманауи еткіміз келеді. Сауран ауданы — жаңа мүмкіндіктер аймағы, сондықтан инновациялық технологияларды еңбек адамының игілігіне қызмет еткізу — біздің басты міндетіміз».

Бұл бірлескен жұмыс пен жаңа бағдарлама — Сауран ауданы кәсіподақ комитетінің болашақтағы ең ірі цифрлық жетістігі және еңбек нарығын дамытуға қосатын үлкен үлесі болмақ. Тез арада іске қосылатын бұл жоба туралы алдағы уақытта толық ақпарат жарияланатын болады.

Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ ҰСТАЗДЫҚ ПЕН ІЗДЕНІСТІҢ ҮЛГІСІ – РАЙХАН БЕКТЫБАЕВНА!

Тәрбиеге арнаған бар ғұмырын,

Білімменен нұрландырған әр күнін.

Әдіскер боп жол көрсетіп талайға,

Бағындырды биіктердің шың-қырын.

Білім мен тәрбиені өмірінің басты мұратына айналдырған, мектепке дейінгі білім беру саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі әдіскер, білікті маман Бектурганова Райхан Бектыбаевна – бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген ардақты жан.

1968 жылдың 11 қаңтарында Түркістан облысы Ордабасы ауданында дүниеге келген Райхан Бектыбаевна еңбек жолын 1989 жылы тәрбиеші қызметінен бастап, бүгінгі күні бала тәрбиесі мен педагогтердің кәсіби дамуына бағыт-бағдар беріп жүрген жоғары санатты әдіскер ретінде танылып отыр.

36 жылдан астам уақытын мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласына арнаған ізденімпаз, жаңашыл, шығармашыл әдіскердің 13 жылдан астам уақыт бойы әдіскерлік қызметті абыроймен атқарып келе жатқаны – үлкен тәжірибе мен кәсіби шеберліктің айқын дәлелі.

Ол балабақша тәрбиешілеріне заман талабына сай жаңа технологияларды меңгертіп, әдістемелік көмек көрсетіп, кәсіби бағыт-бағдар беруді басты міндеті санайды. Әрбір педагогтің бойындағы қабілетті байқап, оны шыңдауға күш салады. Оның тәлімгерлігімен көптеген жас мамандар кәсіби жетістікке жетіп, аудандық және облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленді.

Ғылыми-әдістемелік мақалалары республикалық басылымдарда жарияланып, мектепке дейінгі білім беру саласының дамуына арналған еңбектері педагогикалық қауым тарапынан жоғары бағаланды.

Еңбек жолында көптеген марапаттарға ие болды:

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хатының иегері;

Республикалық мектепке дейінгі ұйымның үздік әдіскері байқауының аудандық кезеңінде Бас жүлде иегері;

Облыстық кезеңнің І орын жеңімпазы;

«Үздік әдіскер» аудандық байқауының І орын иегері;

Ордабасы ауданы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған;

Ордабасы ауданының 60 жылдық мерекелік медалінің иегері және тағы басқа көптеген марапаттардың иесі.

Райхан Бектыбаевна – тек әдіскер ғана емес, ұжымның рухани тірегі, шығармашылық бастамалардың ұйытқысы, әріптестеріне қолдау көрсетіп жүретін жанашыр әріптес.Кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол, жаңашыл көзқарасты, шығармашыл әрі ізденімпаз. Оның еңбегі – ұжымның жетістігі, шәкірттерінің болашағы және білім саласының дамуына қосылған зор үлес. Осындай еңбекқор, білімді, парасатты ұстаздар барда мектепке дейінгі білім беру саласының келешегі кемел болары сөзсіз.

Сізге зор денсаулық, отбасылық бақыт, шығармашылық табыс пен кәсіби жетістіктер тілейміз! Еңбегіңіздің жемісін көріп, абыройыңыз асқақтай берсін!

Ордабасы аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Аудандық іс шара

Келес аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті ұйымдастыруымен, аудандық кәсіподақ комитетіне қарасты №46 “Абай” атындағы ЖББМ, №5 ЖББМ, №25 «С.Сейфуллин» атындағы ЖББМ, №32 ЖББМ,   №36 «М.Мәметова» атындағы ЖББМ, №43 «Болашақ» ЖББМ, №52 «С.Бегалин» атындағы ЖББМ,  кәсіподақ мүшелерімен кезекті туристік сапарға шығып, көтеріңкі көңіл күймен демалыс өткізді.

Саяхат барысында қатысушылар табиғат аясында тынығып, тарихи-мәдени орындарды аралап, әсерлі сәттерге куә болды. Мұндай игі шаралар кәсіподақ мүшелерінің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, әріптестер арасындағы достық пен бірлікті нығайтуға, жаңа күш-жігермен еңбекке оралуына зор мүмкіндік береді.

Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік қолдауын арттыру бағытындағы мұндай игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

 

Келес аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ ӘЛЕМДІК АРЕНАДА ЖАРҚЫРАҒАН ЖАС ДАРЫН – АРУЖАННЫҢ АЙБЫНДЫ ЖЕҢІСІ!

Ордабасы ауданының мақтанышы, жас шахматшы Байділдә Аружан Маратиллақызы халықаралық аренада тағы бір зор жетістікке қол жеткізіп, еліміздің мерейін үстем етті.

Бөржар ауылдық округіне қарасты Қайнар ауылының 11 жастағы тұрғыны Аружан Испанияның Гуардамар қаласында 2026 жылдың 1–13 маусымы аралығында өткен тірек-қимыл аппараты зақымдалған спортшылар арасындағы IPCA шахматтан XXV Әлем чемпионатына қатысып, жоғары шеберлігі мен табандылығын паш етті.

Әлемнің әр түкпірінен келген мықты спортшылар бақ сынаған беделді додада Аружан блиц бағдарламасы бойынша барлық қарсыласынан басым түсіп, Әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар рапид бағдарламасында қола жүлдеге ие болса, классикалық шахматтан күміс медаль жеңіп алды. Осылайша жас шахматшы әлем чемпионатынан бір алтын, бір күміс және бір қола медальмен оралды.

Аружанның бұл жеңісі кездейсоқ жетістік емес. Ол бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, Қырғыз Республикасында өткен Азия чемпионатында топ жарып, Азия чемпионы атанған болатын. Оның қоржынында рапидтен алтын медаль, блицтен екі күміс медаль және классикалық шахматтан екі күміс медаль бар.

Жас чемпионның жетістігінің артында үлкен еңбек пен жүйелі дайындық жатыр. Әкесі әрі жаттықтырушысы Жамангараев Маратилла Байділлаевич Темірлан спорт клубында шахматтан жаттықтырушы болып қызмет атқарады. Шахматшы отбасында тәрбиеленген Аружан бүгінде өз таланты мен табандылығының арқасында биік белестерді бағындыруда.

Сонымен қатар Аружан ауданымыздағы «Дулат» мектебінің 6-сыныбын үздік аяқтаған оқушы. Ол оқу үлгерімі жоғары, тәртіпті, сабырлы, жауапкершілігі мол, білімге құштар әрі өз қатарластарынан ой-өрісімен ерекшеленетін талапты шәкірт ретінде ұстаздарының мақтанышына айналып отыр.

Аружанның әлем чемпионатындағы тарихи жетістігі – тек жеке жеңіс емес, бұл ауданымыздың, өңіріміздің және еліміздің абыройын асқақтатқан үлкен жетістік. Білім мен спортты қатар алып жүрген жас дарынның табандылығы мен еңбекқорлығы өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Осындай талантты шәкірттеріміздің жетістігі ұстаздар қауымының, ата-ананың және білім беру саласының бірлескен еңбегінің жемісі екендігін көрсетеді.

Ордабасы ауданының мақтанышы атанған Аружанға алдағы жарыстарда да толағай табыстар, жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз!

 

Ордабасы аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ КҮНІНЕ ОРАЙ МАРАПАТТАУ РӘСІМІ ӨТТІ

Медицина қызметкерлері күніне орай Абай Келес аудандық ауруханасы ШЖҚ МКК-де мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, кәсіподақ мүшелері мен сала қызметкерлерінің еңбегі жоғары бағаланды.
Салтанатты жиын барысында халық денсаулығын сақтау ісіне адал қызмет етіп жүрген бірқатар қызметкерлер аурухана басшылығының марапаттарына ие болды.
Сондай-ақ, Білім және ғылым қызметкерлері Келес аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Н. Артыков пен Абай Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері Б. Оспановтың атынан бірлескен Құрмет грамоталары табысталып, үздік қызметкерлер марапатталды.
Мереке иелерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне саулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс пен толағай жетістіктер тілейміз!

Келес аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

1 2 3 90