КӘСІПОДАҚ МІНБЕРІ «СӨЗДІҢ СЫРЫН АШҚАН ҰСТАЗ»

Ұстаздық – жай мамандық емес, бұл – жауапкершілік пен махаббаттың тоғысқан мекені. Ол жерде әрбір сөз – тәрбие, әрбір өлең – өмір сабағы. Сөздің киесін сақтап, ана тілінің төрін төр қылып жүрген жан бар. Ол – Абдуқаххарова Гүлмира Маматризаевна.

2009 жыл… Жас қыздың көзінде арман, жүрегінде «ұстаз боламын» деген от. Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің табалдырығын аттап, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын таңдады. Себебі ол сөздің құдіретін білді, халықтың жаны тілде екенін сезінді.

2014 жыл. А. Югнаки атындағы жалпы орта мектебінің табалдырығын аттады. Міне, сол мектеп оның шығармашылық зертханасына айналды. Он жыл бойы – дәл сол мектептің қабырғасында Гүлмира Маматризаевна алғашқы түлектерін ғана шығарған жоқ, сол мектепте-ақ шәкірттерін республикалық деңгейге жеткізді. Югнаки мектебінің аты оның шәкірттерінің жеңісімен республикаға танылды. Он жыл – бір буынды ұшыру, жүздеген жүрекке жылу беру. Әрбір қоңырау – ізденіс, әрбір сабақ – із қалдырған сабақ болды.

Қазіргі таңда Гүлмира Маматризаевна – JALIL ABDULLAEV ZIATKERLIK MEKTEBI ұжымының мақтанышы, жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруді жалғастырып келе жатқан озат ұстаз. Бұл мектеп оның ұстаздық шабытының жаңа арнасы болды. Мұнда да оның сабағы – театр, оның сөзі – сыр. Сабағына кірген оқушы шығып бара жатып «Мен қазақпын» деп кеудесін көтеріп кетеді.

Оның шәкірттері – шоқ жұлдыздар:

Зулқайнарова Зайнаб– Пәндік олимпиаданың 1-орын иегері.

Гулматова Гулбану– Мұқағали Мақатаев «Жыр эстафетасында» облыстан 2-орын. Ол өлеңді оқығанда Мұқағалидің өзі тыңдап тұрғандай… Абдукаюмова Мухлиса – «Ақберен» байқауының аудандық 1-орын иегері. Оның даусында даланың лебі бар. Рахмиддинов Ғиёсиддин– «Әнші бұлбұлдар» бағыты бойынша облыстан 3-орын. Даусымен жүректерді тербеткен дарын. Олардың барлығы өлеңді, жырды, әнді жаттап емес, жүрекпен оқыды, айтты. Себебі ұстазы солай үйретті. Гүлмира Маматризаевнаның ашық сабағы – ауданға танымал. «Абайдың қара сөздері» десе жүрек толқиды, «Мағжанның поэзия әлемі» десе көз жанады, «Тіл – ұлт жаны» десе әрбір бала тілін түзеп отырады. Ал «Менің атым Қожа» сабағы – оның шеберлігінің шыңы. Қожаның қылығы арқылы оқушылар адалдық пен достық, жауапкершілік пен ар ұғымын өз өмірімен байланыстырып, сахналап көрсетті. Оның әдістемелік сабақтары аудандық бірлестікте таралып, жас ұстаздарға шамшырақ болды. Себебі ол сабақты – сахнаға, оқушыны – басты кейіпкерге айналдырады. Ұлы Абай айтқандай: _«Адам баласы – адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінезбен озады»_. Міне, Гүлмира апайдың шәкірттері осы төрт қасиетпен өсіп келеді. Ол әрбір баланы «сен дарасың» деп сендіреді. Сондықтан оның шәкірттері жеңіліп қалмайды.

Гүлмира Маматризаевна – сөздің сырын ашқан ұстаз. Он жылда Йүгінеки мектебінің қабырғасын емес, шәкірт жүрегін мекен етті. Ол балаға емлені емес, әуенді үйретеді. Ережені емес, әсерді үйретеді. Сондықтан оның сабағынан шыққан бала өмір бойы кітапты тастамайды, тілін қадірлейді.

Гүлмира апай! Югнаки мектебіндегі он жылдық еңбегіңіз – мектеп тарихына жазылған алтын бет. Ал JALIL ABDULLAEV ZIATKERLIK MEKTEBI-дегі бүгінгі еңбегіңіз – ұлт болашағына салынған кірпіш. Сіздің әрбір сабағыңыз – ұлт жанына құйылған нұр.

Сізге Алладан күш-қуат, отбасыңызға береке, шәкірттеріңізге биік арман тілейміз! Зайнаб, Гулбану, Мухлиса, Ғиёсиддин бастаған жұлдыздар шоғырыңыз көбейе берсін! Қаламыңыз талмасын, жүрегіңіз жалықпасын! Ұстаздық ұлы жолыңыз мәңгі даңқты болсын!

 

Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

ТҮРКІСТАНДА РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДА ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

2026 жылдың 1-6 маусым аралығында Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінде техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері мен қызметкерлері арасында республикалық спартакиада болып өтті. Спартакиадаға еліміздің барлық өңірлерінен білім беру саласының қызметкерлері қатысып, өзара тәжірибе алмасып, спорттық шеберліктерін көрсетті.

Спорттың 9 түрінен өткен бұл дода қатысушылардың дене, психологиялық және рухани саулығын нығайтумен қатар, олардың арасында салауатты өмір салтын насихаттап, достық пен ынтымақтастықты арттыруға себеп болды.

Бірнеше күнге созылған жарыс қорытындысына сәйкес жалпы командалық есеп бойынша:

І орын – Алматы қаласы;

ІІ орын – Ақмола облысы;

ІІІ орын – Қарағанды облысы.

Облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек спарткиада ұйымдастырушыларына, барша қатысушыларға алғыс білдіріп, іс-шараның өскелең ұрпаққа үлгі болар, үлкен маңызға ие екендігін атап өтті. Жеңімпаздарға облыстық кәсіподақ комитеті атынан арнайы дипломдар, медальдар және қаржылай сыйлықтар табыстады.

Түркістан облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Ұстаз еңбегіне – лайықты құрмет!

«Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасының республикалық және облыстық кезеңдерінің жүлдегері, №23 «1 Мамыр» жалпы білім беретін мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Кудиярова Айгүл Жорабайқызына кәсіби жетістіктері мен білім саласын дамытуға қосқан үлесі үшін Білім және ғылым қызметкерлері Келес аудандық кәсіподақ комитетінің атынан 10 күндік шипажайға жолдама табысталды.

Ұстаздың шәкірт тәрбиелеудегі табысты еңбегі мен жоғары нәтижелері әрдайым құрметке лайық. Осындай жетістіктеріңіз арта берсін, шығармашылық табыс, мықты денсаулық және толағай жеңістер тілейміз!

Ұстаз мәртебесі биіктей берсін!

Ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді

Білім беру саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған №2 Ө. Жәнібеков атындағы мектеп-гимназиясының орыс тілі пәнінің мұғалімі Асилова Тамара Турдалиевна мен бастауыш сынып мұғалімі Намдалиева Данегүл Скандеровнаға құрмет көрсетілді.

Зейнет жасына толған ардақты ұстаздардың білім саласына қосқан елеулі еңбегі мен кәсіби жетістіктері жоғары бағаланып, оларға Білім және ғылым қызметкерлері Келес аудандық кәсіподақ комитетінің атынан гүл шоқтары мен шипажайға жолдамалар табысталды.

Ұстаздық жолдағы адал қызметтері мен шәкірт тәрбиесіндегі еселі еңбектері үшін алғыс білдіре отырып, ардақты ұстаздарға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыларына амандық пен бақ-береке тілейміз.

Ұстазға көрсетілген құрмет – ұрпаққа берілген өнеге!

ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ – ҚАШАН ДА ҚҰРМЕТТІ!

2025–2026 оқу жылының табысты аяқталуына орай #1 «О.Есімов» жалпы білім беретін мектебінің бірқатар ұстаздары білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі, шәкірт тәрбиелеудегі жемісті еңбегі және кәсіби шеберлігі үшін Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының республикалық, облыстық және аудандық деңгейдегі Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды.

Марапат иелерін шын жүректен құттықтай отырып, олардың еңбектеріне толағай табыс, зор денсаулық, шығармашылық ізденіс пен жаңа жетістіктер тілейміз. Ұстаздардың қажырлы еңбегі мен жас ұрпақ тәрбиесіндегі қызметі әрдайым жоғары бағаланып, мәртебесі арта берсін!

Барша марапат иелеріне құрмет пен алғыс білдіреміз!

ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰЛЫ МҰРАТ!

Оқу жылының аяқталуына орай, №34 А. Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектебінің зейнеткер ұстаздарына көп жылғы жемісті еңбегі, жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы елеулі қызметі және білім саласының дамуына қосқан зор үлесі үшін Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті тарапынан Алғыс хаттар, Құрмет грамоталары мен сый-сияпаттар табысталды.

Салтанатты шара барысында ардагер ұстаздарға ізгі тілектер айтылып, олардың шәкірт тәрбиелеудегі қажырлы еңбегі мен өмірлік тәжірибесіне ерекше құрмет көрсетілді.

Ұстаздық жолда аянбай еңбек етіп, саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған ардагерлерімізге зор денсаулық, отбастарына амандық, ұзақ ғұмыр және мерейлі өмір тілейміз!

Келес аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Кәсіподақ мүшелері құрметке ие болды!

Сауран аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Ф. Рысбекованың ұйымдастыруымен аудандық кәсіподақ комитетінде білім саласының белсенді қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиын барысында ұстаздар қауымы оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықталып, саладағы қажырлы еңбектері үшін алғыс білдірілді.

Іс-шара аясында білім беру саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар кәсіподақ мүшелері аудан әкімдігі, аудандық мәслихат, Түркістан облысының білім басқармасы, Сауран аудандық білім бөлімі және аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің бірлескен марапаттарына ие болды.

Сонымен қатар, белсенді ұстаздарға Түркістан облыстық «AMANAT» партиясының алғыс хаттары, «Өрлеу» салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің және «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталды.

Кәсіподақ жұмысына белсене араласып, білім саласының өркендеуіне елеулі үлес қосқан қызметкерлер «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен марапатталды.

Жиын соңында кәсіподақ төрайымы сала мамандарына алдағы жұмыстарына табыс тілеп, білім жолындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.

Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Аудандық іс шара

2026 жылғы негізгі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Ордабасы аудандық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы Қайрат Асылбекұлы Төлебаев қатысуымен М.Исламқұлов атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы ұжымында облыстық кәсіподақ ұйымы Жарғысының талаптары мен ережелерін орындау барысындағы ұйымдастыру-көпшілік жұмыстарына арналған мазмұнды іс-шара өткізілді. Аталған кездесудің негізгі мақсаты – кәсіподақ ұйымының қызметін жетілдіру, ұжым мүшелерінің құқықтары мен әлеуметтік мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелеу, сондай-ақ бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенділігін арттыру болды.

Іс-шара барысында кәсіподақ ұйымының қоғамдағы рөлі, еңбек адамының құқықтарын қорғаудағы маңызы, ұйым мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен сөз болды. Сонымен қатар облыстық кәсіподақ ұйымының Жарғысында көрсетілген талаптар мен міндеттердің орындалу деңгейі талқыланып, кәсіподақ мүшелерінің белсенділігін күшейту, ұйым ішіндегі тәртіп пен бірлікті нығайту мәселелері қарастырылды.

Кездесу барысында Төлебаев Қайрат Асылбекұлы кәсіподақ ұйымдарының қызметіндегі ашықтық пен жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталып, еңбек ұжымындағы ынтымақтастықты арттырудың қажеттігін атап өтті. Ол өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарының тек мерекелік немесе мәдени іс-шаралармен ғана шектелмей, педагогтердің құқықтық қорғалуына, еңбек қауіпсіздігіне, әлеуметтік қолдауға және кәсіби дамуына нақты қолдау көрсетуі тиіс екендігін жеткізді.

Іс-шара аясында мектеп ұжымымен пікір алмасу ұйымдастырылып, ұстаздардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Қатысушылар кәсіподақ ұйымының алдағы жоспарлары мен міндеттері жөнінде өз ойларын ортаға салып, бірқатар маңызды ұсыныстар айтты. Әсіресе жас мамандарды қолдау, педагогтердің еңбек жағдайларын жақсарту, мәдени-көпшілік шараларды жүйелі өткізу және ұжымдағы ауызбіршілікті сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар кәсіподақ ұйымының құжат жүргізу тәртібі, мүшелік жарналардың мақсатты жұмсалуы, әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары және кәсіподақ мүшелерімен кері байланыс орнату бағытындағы жұмыстар сараланды. Кездесу нәтижесінде ұйым жұмысын одан әрі жетілдіру бойынша нақты міндеттер белгіленіп, кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды.

Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан оң бағасын алды. Жиын соңында ұжым мүшелері кәсіподақ ұйымының жұмысын жетілдіруге бағытталған мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да өзара ынтымақтастық пен бірлескен жұмыстарды жалғастыруға ниетті екендіктерін білдірді.

Ордабасы аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

ҰСТАЗ МІНБЕРІ!

Лесбаева Айсара Кенжебаевна ҰСТАЗДЫҚ ЕҢБЕК — ШӘКІРТ ЖЕҢІСІМЕН ӨЛШЕНЕДІ

«Мұғалім — білім көзі емес, білімге апаратын жетекші, бағыттаушы, нұсқаушы». Осы бір алтын қағиданы жаныма серік ете отырып, 1994 жылдан бері А. Пушкин атындағы ақпараттық технологиялар мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет етіп келемін. Өзім туып-өскен Түлкібас ауданы, Абай ауылындағы Ы. Алтынсарин атындағы мектептің (1990 жылғы түлегімін), кейіннен Абай атындағы Жамбыл педагогикалық училищесі мен «Әулие-Ата» университетінің берген білімі мен тәрбиесі мені осы қасиетті жолға түсірді. Заман талабына сай, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу мақсатында үнемі ізденістемін. «Бастауыш PRO» және «Ғаламат» «Өрлеу» оқу орталықтарының курстарында кәсіби біліктілігімді шыңдап, соңғы жылдары біршама республикалық және облыстық байқауларда еңбегіміз еленді.

Алға қойған мақсатым мен жоспарым айқын: Сапалы білім беруді жалғастыру: Әр баланың бойындағы жасырын талантты дер кезінде анықтап, логикалық ойлауын дамыту. Нәтижені еселеу: Алдағы уақытта «Бастау» және «Алтын сақа» олимпиадаларында шәкірттерімнің тек бас жүлде мен алтын медальдарды иеленуіне барынша жағдай жасау. Кәсіби даму: Авторлық бағдарламаларымды одан әрі жетілдіріп, жас мамандармен іс-тәжірибе бөлісу және жаңа ақпараттық технологияларды сабаққа кеңінен енгізу.

Ұрпақ тәрбиесі мен білім беру жолындағы ізденісіміз толастамасын! Шәкірттеріміз биіктен көріне берсін!

Түлкібас аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

ҚЫЗДАР АРАСЫНДА АУДАНДЫҚ ВОЛЕЙБОЛДАН ЖОЛДАСТЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

Салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және білім беру ұйымдары қызметкерлері арасындағы ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында қыздар арасында аудандық волейболдан жолдастық кездесу ойындары өткізілді.

Жарыс барысында командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, тартысқа толы әрі қызықты ойындар өткізді. Қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, спорттық шеберліктерін шыңдап, командалық ұйымшылдықтың жарқын үлгісін танытты.

Жарыс қорытындысы бойынша: І орын – №23 «1 Мамыр» жалпы білім беретін мектебі; ІІ орын – №54 «Т. Рысқұлов» жалпы білім беретін мектебі; ІІІ орын – №7 жалпы білім беретін мектебі.

Жеңімпаз және жүлдегер командалар кубоктармен, дипломдармен және қаржылай сый-сияпаттармен марапатталды.

Марапаттау рәсімінде Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Келес аудандық комитетінің төрағасы Нұрлан Тастемірұлы Артыков қатысушыларды жеңістерімен құттықтап, алдағы жарыстарда толағай табыстар тіледі.

Осындай спорттық іс-шаралар білім беру ұйымдары қызметкерлері арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықты нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және бұқаралық спорттың дамуына үлкен серпін береді.

 

Келес аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

2025–2026 оқу жылының қорытындысы: үздік ұстаздарға құрмет көрсетілді.

Арыс қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Жұматай Мұхаев және Арыс қалалық білім бөлімінің бас маманы Қонақбай Ережепов 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздарды марапаттады.

Түркістан облыстық білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағы комитетінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен:

Ұлжалғас Қользақовна Сапарова – И.Журба атындағы ЖББМ мұғалімі;

Жанар Бадамбекқызы Жұмахаева – Қабылсай ЖББМ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары;

Майра Әділханқызы Сыздықова – №4 бастауыш мектебінің мұғалімі;

Зейне Асанқызы Усетаева – Жиделі ЖББМ мұғалімі;

Құлайым Аронқызы Тілеуова – Б.Оңтаев атындағы ЖББМ мұғалімі.

Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлері жергілікті кәсіподағы комитетінің Құрмет грамотасымен:

Тамара Шекербекқызы Жамбетова, Перизат Жамбылқызы Мансурова, Елена Анатольевна Заедова, Зере Көшербайқызы Момбекова, Зәуре Амантайқызы Сағындықова, Ғалымжан Баратханұлы Әлімжанов, Шаттық Спартакович Жүзжанов, Раушан Тоқмахамбетқызы Бектұрсынова, Айгүл Тілеубекқызы Салахиева, Жайна Мырзақұлқызы Тойлыбаева, Санагүл Тұрдалиева, Келдібек Мүслімбекұлы Полатов, Нұртай Матаұлы Оразалиев.

IIІ. Түркістан облысының әкімі Н.Көшеровтың Алғыс хатын алған ұстаздар

  1. Шүкірбекова Маржан Әбенқызы-№11 Б.Момышұлы атындағы жбб мектебінің мұғалімі.

ҮI. «Өрлеу »Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының марапатына.

  1. Медаль-Ережепов Конакбай Каскырбекулы-Арыс қалалық білім бөлімінің бас маманы.
  2. Құрмет грамотасын алғандар:

Мажинбеков Каржаубай Сауырбаевич-А.Тілеубердин атындағы жбб мектебінің география пәнінің мұғалімі.

Арапов Бахыт Абдуалиханович-№2 жбб мектебі директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары.

  1. Алғыс хатын алғандар:

Юсупбекова Гулжамал Омаровна-Ж.Ташенов жбб мектебінің педагог психологі.

Туреханова Мерует Жахановна-Ә.Жангелдин атындағы жбб мектебінің мұғалімі.

Ү. Түркістан облыстық Аманат партиясының марапатына ие болғандар (Алғыс хатына)

Исаева Алия Орынбасаровна-Е.Молдабаев атындағы жбб мұғалімі;

Түркістан облыстық білім басқармасының Алғыс хатына

  1. Жусипова Гульмира Мустафаевна-С.Ерубаев атындағы жбб мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
  2. Жанабаева Куляиша Конысбековна-Б.Момышұлы атындағы жбб мектебінің тарих пәні мұғалімі.
  3. Исаева Улжан Аманкуловна-№376 бастауыш мектебінің мұғалімі.
  4. Байсалова Бибисара Бегалиевна-Б.Кенжебаев атындағы жбб мектебінің мұғалімі.
  5. Тансықбай Таңшолпан Нұрманқызы-Аққала жбб мпектебінің мұғалімі.
  6. Турсынбек Бақытжан Пернебайұлы-Арыс қалалық білім бөлімінің әдіскері.

Ұстаздарымызды лайықты марапаттарымен шын жүректен құттықтаймыз!

Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, адал еңбектеріңіз бен жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан өлшеусіз үлестеріңіз әрдайым жоғары бағалана берсін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге толағай табыс тілейміз!

 

Арыс қалалық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Оқыту семинары өтті

«Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ облыстық комитетінің ұйымдастыруымен барлық аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің бас бухгалтерлерімен оқыту семинары өткізілді.

Семинарды облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Бахыт Еркінбек ашып, бағдарламамен таныстырды.

Оқыту семинары «Қаржы және салық саясаты», «Іссапарға жіберудің тәртібі мен оның төлемдері», «Іс құжаттарын рәсімдеу және жүргізу» тақырыптары бойынша өтті.

Аталған тақырыптар бойынша облыстық кәсіподақ комитетінің қаржы бөлімінің меңгерушісі Р.Жолдықараева және маманы Ә.Саметова лекция оқып, мәліметтермен бөлісті.

Сондай-ақ, барлық аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінде мүшелік жарнаның Жарғы талаптарына сай дұрыс, жоспарлы түрде жұмсалуы, уақтылы аударылуы сияқты бірқатар мәселелер қаралып, талқыланды.

Кәсіподақ оқуын жақсарту мақсатында айтылған ұсыныс, пікірлер облыстық кәсіподақ комитеті тарапынан бақылауға алынды.

Көп жылғы еңбегі мен нәтижелі жұмыстары үшін Республикалық «EL QURMETY» Қоғамдық қорының «Құрметті ардагер» медалімен Жетісай, Түлкібас аудандық кәсіподақ комитетінің бас бухгалтерлері Н.Бектұрғанова, Г.Тұртаева марапатталды.

Семинарға қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Сұрақ-жауаптар өткізілді. Барлық қатысушылар оқыту семинарына оң баға беріп, алған білімдерін одан әрі шыңдап, практикалық тұрғыда өз көмегін тигізетінін айтты.

 

Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Атқару комитетінің кеңейтілген мәжілісі

Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы атқару комитетінің кеңейтілген мәжілісі өткізілді. Мәжіліске атқару комитетінің мүшелері, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, кәсіподақ активі мен облыстық кәсіподақ комитеті аппаратының қызметкерлері қатысты.

Мәжілісті облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Бахыт Еркінбек ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде – Облыстық кәсіподақ комитетіне 2025 жылы кәсіподақ мүшелерінен түскен хаттар, арыз-шағымдар мен өтініштерді қарау қорытындылары туралы, Келісімдер мен ұжымдық шарттардың орындалуы барысын әлеуметтік әріптестік жөніндегі тұрақты комиссиялардың бірлескен мәжілістерінде қарауды ұйымдастыру, Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің облыстық кәсіподақ ұйымы Жарғысы ережелерін орындау жөніндегі ұйымдастыру-көпшілік жұмыстары туралы, «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» ҚБ бойынша 2026 жылғы жаз маусымында кәсіподақ мүшелері мен олардың балаларын және жасөспірімдерді сауықтыруды ұйымдастыру жөніндегі жұмыстар туралы және т.б. мәселелер қаралды.

Күн тәртібіндегі алғашқы екі мәселе бойынша облыстық кәсіподақ комитетінің бөлім басшысы Ғ.Ақбердиев хабарлама жасады. Кәсіподақ мүшелерінен түскен хаттар, арыз шағымдар мен өтініштер мазмұнына қарай мониторинг жүргізу, жергілікті жерлерге барып жүргізілген тексерулер нәтижесі және олардың қорытындылары мен жекелеген арыз шағымдардың мазмұны және себептері жайлы мәліметтер айтылып, түсіндірме жасалды.

Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің облыстық кәсіподақ ұйымы Жарғысы ережелерін орындау жөніндегі ұйымдастыру-көпшілік жұмыстары туралы аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ұ.Жұман хабарлады. Төраға Б.Еркінбек облыстық кәсіподақ ұйымы Жарғысының талаптарын сақтау, оған сай жұмыс жүргізу және уақтылы орындау басты міндет болып табылатынына тоқталып өтті.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша облыстық кәсіподақ комитетінің маманы Д.Мухтаров ақпарат беріп өтті. Алдағы жаз мезгілінде кәсіподақ мүшелері мен олардың балаларын және жасөспірімдерді сауықтыру жұмыстарын қолға алып, жетілдіре түсу қажеттігіне тоқталды.

Аталған мәселелерді талқылауға облыстық кәсіподақ комитетінің кеңесшісі Ә.Тастанбеков, Түлкібас, Жетісай, Қазығұрт, Арыс аудандық, қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы Д.Әбішев, М.Спарханов, Қ.Анашев, Ж.Мұхаев ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстар айтты. Қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылданды.

Төраға мәжіліс соңында, барша білім саласының қызметкерлерін, кәсіподақ мүшелерін биылғы оқу жылының аяқталуымен құттықтап, баршамыз үшін нәтижелі, табысты оқу жылының тәмамдалғандығын айтып, алдағы жаңа оқу жылына тың идеялар және батыл бастамалармен қадам басуға шақырып, сәттілік тіледі.

 

Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

1 2 3 4 90