Ұстаз – ұлттың шамшырағы атты мерекелік іс-шара болып өтті

Түркістанда Ұстаздар күні мерекесі қарсаңында білім саласы қызметкерлерінің қатысуымен «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» атты салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, білім саласында аянбай еңбек еткен барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Ұстаздың еңбегі сөнбес» атты мерекелік кеш

2025 жылғы 2 қазанда А.Иманов атындағы жалпы білім беретін мектепте Ұстаздар күніне арналған «Ұстаздың еңбегі сөнбес» атты мерекелік кеш ұйымдастырылды.

Бұл кештің ең басты қонақтары – білім беру саласында елеулі еңбек еткен ардагер ұстаздар болды. Олар мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап өздеріне деген құрмет пен ықыласты сезініп, шәкірттерінің өнерін тамашалап, ерекше толқынысқа бөленді. Шардара аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Жұман Ұлықбек Назарұлы барша ардагер ұстаздарға жылы лебізін көрсетіп тілек білдірді.

Мерекелік кеш барысында оқушылар ұстаздарға арнап жүрекжарды өлеңдерін оқып, әуезді әндерін орындады. Сахна төрінде жас өнерпаздар ұстаз еңбегінің ұлылығын паш еткен әсерлі қойылымдар көрсетті. Әсіресе, «Ұстазға тағзым» атты композициялық қойылым көрерменге ерекше ой салып, терең әсер қалдырды.

Ардагер ұстаздар кеш барысында өздерінің еңбек жолындағы қызықты естеліктерімен бөлісіп, жас буынға тағылымды кеңестер айтты. Шәкірт тәрбиелеудің жауапкершілігі мен мәртебесі туралы ой қозғап, ұстаздық жолдың қасиетті де қастерлі екенін атап өтті.

Мектеп әкімшілігі, Шардара аудандық кәсіподақ ұйымы ардагер ұстаздарға және бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстап, олардың жас ұрпаққа қалдырған өшпес еңбегіне ризашылығын білдірді.

«Ұстаздың еңбегі сөнбес» атты мерекелік кеш – тек қана қуанышты мереке емес, рухани байланыс пен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеген тағылымды сәтке айналды. Бұл шара ұстаздық еңбектің мәңгілік екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп, баршаға үлгі болды.

Ұстаз еңбегі – ұрпақтың шамшырағы, мәңгілік таусылмас қазына!

Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

«Ұстаздар, бар жақсылық Сіздер үшін!» атты мерекелік іс-шара өткізілді.

Мақтаарал аудандық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен 02 қазан күні «Ақ алтын» мәдениет үйінде «Ұстаздар күні» мен «Кәсіподақтар күні» мерекелеріне орай аудандық «Ұстаздар, бар жақсылық Сіздер үшін!» атты мерекелік іс-шара өткізілді.

Қос мерекеге орай ұйымдастырылған іс-шара барысында жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында толағай табыстар мен мол жетістіктерге қол жеткізе білген ұлағатты ұстаздарымызға аудандық кәсіподақ комитетінің ұсынысы негізінде «Өрлеу» Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының, Түркістан облыстық білім басқармасының, Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағының, Мақтаарал аудандық мәслихатының, Аманат партиясының Мақтаарал аудандық филиалының, аудандық білім бөлімі мен аудандық кәсіподақ комитетінің алғыс хаттар мен марапаттары табысталды.

Барша білім беру саласында өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген ұстаздарымызды Ұстаздар күнімен және кәсіподақтар күні мерекелерімен аудандық кәсіподақ комитетінің атынан шын жүректен құттықтаймыз.

Марапаттарыңыз құтты болсын!

Мереке құтты болсын!

Мақтаарал аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Ұстаз – ұлт рухының шамы

Сауран ауданы Ескі Иқан мәдениет үйінде 5-қазан Ұстаздар күні қарсаңында «Ұстаз – ұлт рухының шамы!» атты салтанатты мерекелік шара өтті. Мерейлі шараға аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат депутаттары, ардагер-ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер және БАҚ өкілдері қатысты. Мереке қонақтары фойеде жылы қарсы алынып, бүлдіршіндердің биімен бастау алған салтанат барысында ұстаздарға арналып бейнеролик көрсетілді.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құттықтау сөз сөйлеп, қоғамдағы ұстаздың мәртебесі мен рөліне ерекше тоқталды. Ол білімді де білікті ұрпақ тәрбиелеудегі ұстаздардың еңбегіне зор алғыс білдіріп, сала үздіктерін марапаттады.

Шара барысында Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Фатима Рысбекова ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, білім саласын дамытуда жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздарды «Кәсіподаққа еңбегі сіңген» төсбелгісін табыстады.

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты, шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздар тарапынан өнер көрсетілді.

Сауран аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

«Ұстаз – ұлы тұлға» атты іс-шара ұйымдастырылып өткізілді.

Мақтаарал ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен, аудандық кәсіподақ комитетінің қолдауымен 02 қазан күні «Ұстаздар күні» мен «Кәсіподақтар күні» мерекелеріне орай аудандық «Ұстаз – ұлы тұлға» атты іс-шара өткізілді.

Мерекелерге орай ұйымдастырылған іс-шараға Мақтаарал ауданының әкімі Б.Асанов, аудандық мәслихаттың төрағасы Қ.Сәрсекбаев, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы А.Қошқаров, аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы А.Ниязбеков, аудандық әжелер кеңесінің төрайымы Ш.Құрбанбаева, мектеп директорлары мен ұлағатты ұстаздар, БАҚ өкілдері мен ардагер ұстаздар қатысты.

Іс-шара барысында білім беру саласында жоғарғы жетістіктерге қол жеткізген ұлағатты ұстаздарымызға түрлі деңгейдегі мараппаттар табысталып, құрмет көрсетілді.

Сонымен қатар бар ғұмырын ағарту саласына арнап, бүгінде бейнеттің зейнетін көріп отырған ардагер ұстаздарымызға аудандық кәсіподақ комитетінің атынан бағалы сыйлықтар табысталды.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен қорытындыланып, ұстаздарымыз көтеріңкі көңіл күймен тарасты.

Барша білім беру саласында өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген ұстаздарымызды Ұстаздар күнімен және кәсіподақтар күні мерекелерімен аудандық кәсіподақ комитетінің атынан шын жүректен құттықтаймыз.

Марапаттарыңыз құтты болсын!

Мереке құтты болсын!

Мақтаарал аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Жетісайда мұғалімдер күні айрықша құрметпен өтті

Жетісай ауданы, Түркістан облысы – Ұстаздар күніне орай Қ.Сәтбаев атындағы мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты шара биыл ерекше мазмұнмен өтті. Шара ұстаздардың еңбегіне құрмет білдіріп, олардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге бағытталғаны байқалды.

Мерекелік жиынға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов қатысып, ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады. Өз сөзінде ол ұстаздың қоғамдағы рөлі мен білім саласындағы маңызын атап өтіп, үздік педагогтерге мемлекеттік және облыстық деңгейдегі марапаттар табыстады. Атап айтқанда, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин төсбелгісі мен Түркістан облысы білім басқармасының Құрмет грамоталары табысталды.

Жиында «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының төрағасы Асқар Нұртайұлы да сөз сөйлеп, бірқатар мұғалімдерге партия атынан Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Ол ұстаздың әр баланың жүрегіне сенім мен білім ұялататынын, бұл мамандықтың қоғамдағы орны ерекше екенін айтты.

Жетісай аудандық білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Шоқан Адайбеков та ұстаздарды мерекемен құттықтап, білім саласындағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.

Кеш соңында жергілікті өнерпаздар мен оқушылар ұстаздарға арнап концерттік бағдарлама ұсынды. Ән-жыр мен сахналық қойылымдар кешке сән беріп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Бұл мереке – ұстаз еңбегіне деген алғыс пен құрметтің жарқын көрінісі болды.

Жетісай аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Ұстаздар мерекесі

2025 жылдың 2 қазан күні аудандық жастар ресурстық орталығының мәжіліс залында «Ұстаздар күні» мерекесін Төлеби аудандық білім бөлімімен аудандық кәсіподақ комитеті бірлесе отырып өткізді. «Ұстаз – Ұлттың шамшырағы» атты ұстаздардың төл мерекесіне арнап, мерекелік іс-шара өткізді. Мерекелік іс-шараға ауданның үздік мұғалімдері, ардагер ұстаздар және кәсіподақ төрағалары шақырылып, сыйлықтар табысталды. Салтанатты іс шарада Төлеби ауданы әкімі аппараты басшысы, аудандық AMANAT партиясы төрағасы, аудандық білім бөлімі басшысы және аудандық кәсіподақ комитеті төрайымы оқу жылында жетістіктерге қол жеткізген, білім саласына өз үлесін қосқан, шәкірттері республикалық, облыстық байқаулардан, ғылыми жобалардан жүлделі орын иеленген ұстаздарды, сонымен қатар кәсіподақ комитетіне өз үлесін қосқан ұстаздарды марапаттады. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

Төлеби аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Ұстаздар күні

Бүгін 2025 жылғы 2 қазан күні аудандық мәдениет үйінде «Ұстаз – ұлт рухының шамы» атты салтанатты мерекелік жиын өткізілді. Іс-шара Ұстаздар күніне орай ұйымдастырылып, оған ардагер ұстаздар, мектеп директорлары, жас мамандар, білім беру саласының қызметкерлері мен қонақтар қатысты. Жиын барысында:

аудан әкімі мен білім бөлімінің басшысы құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздарға алғыс білдірді;

ардагер ұстаздарға сый-сияпат көрсетілді;

үздік педагогтарға құрмет грамоталары мен марапаттар табысталды;

өнерпаздар ұстаздарға арнап ән-жыр шырқап, концерттік бағдарлама қойылды.Шара ұстаздардың еңбегін бағалау, олардың қоғамдағы мәртебесін көтеру, жас буынды тәрбиелеудегі рөлін айшықтау мақсатында өтті.

Салтанатты жиын С.Мұқанов атындағы жалпы білім беретін мектебінің ұстаздар ұжымының «Ұстаздардың ұстазы-Ыбырай ата» хорымен ашылды.

Жиынды аудан әкімі Оралбаев Азат Әбдіғалиұлы ұстаздарды төл мерекесімен құттықтап, педагогтардың қоғамдағы маңызды рөлін және олардың білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлестерін ерекше атап өтіп, арнайы марапаттады. Сонымен қатар Облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Еркінбек Бақыт Сейтжаппарұлы арнайы келіп, облыстық кәсіподаққа еңбегі сіңнен Ордабасы ауданының кәсіподақ мүшелерін арнайы “Кәсіподаққа еңбегі сіңген” төсбелгілерімен және Алғыс хаттармен марапаттады. Ордабасы аудандық мәслихат хатшысы Жұмабеков Бақдаулет Құрманбекұлы білім беру саласындағы ұстаздарға жетістіктер үшін алғыс білдіре отырып, “Ы.Алтынсарин“ төсбелгісімен, алғыс хаттар табысталып, мерекелік концертпен жалғасты.

Жиын соңында өмірден озған ұстаздарды еске алу мақсатында арнайы ән шырқалып, жиналғандар орындарыннан тұрып тағзым етті. Олардың еңбегі ұмытылмай артында қалған шәкірттерімен замандастардың жүрегінде мәңгі сақталанатын құрметтің белгісі.

Ұстаз – ұлы есім жас ұрпақты тәрбиелеу жолында қалтықсыз еңбек етіп келе жатқан ұстаздар мерейі арта берсін!

Ордабасы ауандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Атқару комитетінің кеңейтілген мәжілісін

19 қыркүйек күні «Түркістан облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігі атқару комитетінің кеңейтілген мәжілісі өткізілді.

Отырысқа атқару комитетінің мүшелері, аудандық, қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, кәсіподақ активі мен облыстық кәсіподақ комитеті аппаратының қызметкерлері қатысты.

Атқару комитетінің кеңейтілген мәжілісін облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек ашып, жүргізіп отырды.

Атқару комитеті отырысында қаралған мәселелер :

1.Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың «Жасанды интелект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы туралы.

2. «Төлеби аудандық кәсіподақ комитетінің білім саласында жұмыс істеуші әйелдердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыстары туралы».

3. Түрлі мәселелер.

Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ұ.Жұман Қазақстан Республикасының Президенті Қ-Ж.Тоқаевтың «Жасанды интелект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы туралы хабарлама жасады. Хабарламада Жолдаудың әр пунктіндегі өзекті мәселелерге тоқталып, оларға байланысты насихат жүргізу жөніндегі жұмыстар айтылды. Жолдауды талқылау бойынша облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары А.Абуов, Ордабасы аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Қ.Төлебаев сөйлеп, өз ойларын, ұсыныстарын айтты. Облыстық кәіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек Президенттің Жолдауы бойынша насихаттау жұмысына көңіл бөлуді айтып, қорытындылады.

Күн тәртібіндегі кезекті мәселе «Төлеби аудандық кәсіподақ комитетінің білім саласында жұмыс істеуші әйелдердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі жұмыстары туралы» облыстық кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары А.Абуов хабарлама жасады. Аталған мәселе бойынша Төлеби аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Ж.Кульбаева аудандық кәсіподақ комитеті тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, өзекті мәселелерді шешуге көңіл бөлініп жатқандығын айтты. Облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек кәсіподақ мүшелерінің, оның ішінде әйелдердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жұмыстарына аудандық кәсіподақ көмитетінің тұрақты көңіл бөліп, тиісті жұмыстар атқару қажеттігіне баса назар аударды.

Мәжілісте түрлі мәселелер бойынша Түлкібас, Сауран аудандық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары Д.Абишев, Ф.Рысбекова сөйлеп, өз ойларын айтып, жаңа оқу жылында кәсіподақ қызметінің атқаратын жұмыстары жайлы ой-пікірлері мен ұсыныстарын айтты.

Күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулылар қабылданды.

Атқару комитетінің кеңейтілген мәжілісін облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Б.Еркінбек қорытындылады.

Облыстық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

Кәсіподақ мүшелерінің жазғы демалысы

2025 жылғы жазғы демалыс — Келес аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсподақ комитетінің кәсіподақ мүшелері үшін шынайы тынығу мен рухани сергіту кезеңі болды.

Биылғы жылы кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен 1000-нан астам мүше елдің ең көрікті шипажайлары мен табиғаты тамаша өңірлерінде демалып, бір сәт жұмыстан тынығып, өмірдің шаттығын сезінді.

Біркөлік шатқалының көркем табиғаты мен таза ауасы кәсіподақ мүшелерінің бойын сергітіп, жанын жадыратты.

«Әсемай» демалыс орны, Түлкібас пен Манкенттің саф ауасы мен таулы мекені денсаулыққа шипа, жанға жай таптырды.

Ал «Меркі», «Сарыағаш», «Жаңақорған» сияқты елімізге танымал шипажайларда ем алып, минералды су мен емдік процедуралардың арқасында талай әріптестеріміз денсаулықтарын нығайтып, сергек күйде оралды.

Бұл демалыстарда кәсіподақ мүшелері тек ем алып, тынығып қана қоймай, түрлі мәдени шаралар мен спорттық ойындарға қатысып, бір-бірімен тығыз байланыс орнатты. Әр шипажайда жылылық пен көңілді көңіл-күй, ұйымшылдық пен қолдау сезіліп тұрды.

Биылғы демалыстың тағы бір ерекшелігі – кәсіподақ мүшелерінің Қырғызстандағы әйгілі Ыстықкөл жағалауында демалуы болды. Көгілдір көлдің мөлдір суы, құмды жағажайы мен биік таулардың етегінде өткен бұл демалыс қатысушылар үшін шетелдік тынығудың ләззатын сезіндірді. Шалқар көл жағасында күнге қыздырынып, суға шомылып, табиғаттың әсем көріністерінен рухани ләззат алды.

Демалыс тек тынығу емес – достасу, көңіл көтеру, ортақ күшті біріктіру сәті болды. Әр шипажай мен демалыс орнында спорттық жарыстар, ән кештері, серуендер ұйымдастырылып, ұйым мүшелерінің бірлігі мен белсенділігі байқалды.

Осының бәрі — кәсіподақ ұйымының қамқорлығы мен жүйелі жұмысының нәтижесі.

Жазғы демалыс мүшелерімізге қуат сыйлап, алдағы жұмысқа жаңа шабыт берді.

Келес аудандық кәсіподақ комитетінің баспасөз қызметі.

1 10 11 12 13 14 90